Қытайдың Үрімші қаласына саяхаттаған бес тіл білетін қазақстандық қызға сапар барысында ең көп көмектескені қазақ тілі болған. Оның айтуынша, қаладағы кейбір мекемелерде қазақша сөйлейтін қызметкерлер де жұмыс істейді. Саяхатшының жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп жазады SteppeNews.kz.
Threads желісіндегі eternal.dream69 есімді қолданушы Үрімші қаласындағы кейбір мекемелер мен сауда орындарында кирилл әрпімен жазылған қазақша маңдайшаларды кездестіргенін айтқан.
«Үрімшіде мен білетін бес тілдің ішінен тек қазақ тілі ғана қажетіме жарады. Тіпті бұл тіл Қазақстанның өзінен гөрі сол жақта көбірек көмектесетіндей көрінді», – деп жазған саяхатшы.
Әсіресе, ұйғырлар тұратын аудандардағы қарым-қатынас оған қызық болған. Сауда орталықтарында, дәріханалар мен дәмханаларда қазақстандықтар жергілікті ұйғырлармен қазақша сөйлескен. Ал олар ұйғыр тілінде жауап берген. Соған қарамастан, екі тарап бір-бірін еркін түсінген.
Саяхатшы жергілікті ұйғырлардың қонақжайлығы мен ақжарқындығына да ерекше тоқталған. Қазақстаннан келгендерін білген соң, тұрғындар оларға көмектесуге асығып, ықылас танытқан.
«Қазақстаннан екенімізді білгенде, олар бізге одан сайын көмектесіп, қызығушылық танытып, бұрынғыдан да жылы шырай көрсетті. Шынымды айтсам, мұндай қарым-қатынасқа қатты қуандым», – дейді ол.
Жазбаға пікір қалдырған өзге қолданушылар да Қытайға барған сапарларында қазақ тілінің талай көмегі тигенін бөліскен. Олардың бірі жергілікті тұрғындардың туристермен ағылшын немесе орыс тілінде сөйлесуге құлықсыз екенін, ал қазақ тілін түсінетін адамдардың көп кездесетінін жазған.
қазақ тілі, Қытай, Үрімші, туризм, саяхат, ұйғырлар
Смотреть в Threads
Тағы бір қолданушы 2024 жылы Үрімшіге барған кезінде қырғыздармен, ұйғырлармен және дүнгендермен қазақ тілінде сөйлескенін, тіпті бір мейрамханада қандастарды кездестіргенін айтқан.
Ал басқа бір қазақстандық Түркияға барған сапарында да тіл ұқсастығының пайдасын көрген. Оның айтуынша, топ мүшелері жергілікті тұрғындармен қазақша сөйлескенде, олар түрік тілінде жауап берген. Соған қарамастан, екі тарап бір-бірін жақсы түсінген.
Пікір білдірушілердің бірі Өзбекстанда да қазақ және өзбек тілдерінің ұқсастығы күнделікті қарым-қатынаста көмектесетінін атап өткен.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды
Келесі материал: Қырғызстан мен Өзбекстан екі елде еңбек еткен азаматтардың өтілін зейнетақы тағайындағанда ескереді
