2026 жылғы 18–20 қараша күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында жол саласына арналған XXII халықаралық мамандандырылған «Kaztraffic-2026» көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми қолдауымен өтеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Көрмеге Көлік министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті мен оған қарасты ұйымдардың өкілдері, отандық және шетелдік 150-ге жуық компания, жол-құрылыс техникасы мен материалдарын өндірушілер, ғылыми ұйымдар және халықаралық сарапшылар қатысады.
Келушілерге заманауи жол-құрылыс техникасы мен жабдықтары, жол төсеміне арналған жаңа материалдар, автомобиль жолдарының жағдайын диагностикалау және бақылау жүйелері таныстырылады. Сонымен қатар интеллектуалды көлік жүйелері мен көліктің салмақ және габарит көрсеткіштерін автоматты түрде бақылау технологиялары ұсынылады.
Көрменің жеке бөлімі Қытаймен ынтымақтастыққа арналады. Бейжің интеллектуалды көлік қауымдастығының (ITS Beijing) өкілдері мен қытайлық технологиялық компаниялар жол инфрақұрылымын цифрландыру, көлік ағындарын бақылау, салмақ-габариттік бақылау және ақылы жолдарды басқару шешімдерін таныстырады.
Іскерлік бағдарлама аясындағы негізгі шаралардың бірі – «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ұйымдастыратын «Жолдар және инновациялар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Оған 20-дан астам елдің өкілдері мен 40-тан астам спикер қатысады деп күтілуде.
ҚазжолҒЗИ көрмеде отандық цифрлық жобаларын да ұсынады. Олардың қатарында жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай RCMBase базасы, көпір құрылыстарын пайдалану жүйесі (СУЭМ), елді мекендердің көше-жол желісін басқару жүйесі (СУДС), сондай-ақ жол саласы мамандарының біліктілігі туралы мәліметтер жинақталған Jolshy базасы бар.
Іс-шараға республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ да қатысады. Көрме қонақтары компанияның жұмысымен танысып, жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану бойынша ұсыныстарын білдіріп, болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылай алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме сала мамандары арасында тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстар орнатуға және жол инфрақұрылымына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл автомобиль жолдарының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жолдарды күтіп-ұстау тиімділігін жақсартуға бағытталған.
Келесі материал: Өзбекстан 2030 жылға дейін велоспортты дамытуды көздейді
