Қазақстанның туристік әлеуетін Оңтүстік Кореяда таныту және екі ел арасындағы туристік байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Nordic Condor Korea компаниясының бас директоры Су Сан Пильмен кездесті деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанға келетін кореялық туристер санын арттыру, еліміздің туристік бағыттарын Оңтүстік Кореяда кеңінен таныстыру және Сеул қаласында Kazakh Tourism өкілдігін ашу мүмкіндігін қарастырды.
Nordic Condor Korea басшысы Қазақстанмен туристік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания Қазақстан нарығын зерттеп, елді кореялық саяхатшылар үшін жаңа бағыт ретінде танытуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты компания басшысы Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашу туралы ұсыныс білдірді.
Ербол Мырзабосынов Оңтүстік Корея Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз кореялық саяхатшыларға табиғи көрікті жерлерді, тарихи-мәдени мұраларды, Алматы мен Астананың туристік нысандарын және тау туризмінің мүмкіндіктерін ұсына алады.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту, кореялық туроператорлармен байланысты нығайту және елімізге келетін туристер санын арттыру. Сондықтан Nordic Condor Korea компаниясымен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – деді министр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға Оңтүстік Кореяның 50,9 мың азаматы келген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 50 292 адамды құраған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, болашақ өкілдіктің жұмыс тәртібі мен қаржыландыру шарттарын бірлесіп пысықтауға келісті. Жобаны іске асыру үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет болмайды. Өкілдікті ашу және оның күнделікті қызметін ұйымдастыру шығындары да бюджет есебінен өтелмейді.
Анықтама: Nordic Condor Korea – халықаралық туризм саласында көпжылдық тәжірибесі бар Оңтүстік Корея компаниясы. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания енді Қазақстанды кореялық саяхатшыларға жаңа туристік бағыт ретінде танытуды көздеп отыр.
Келесі материал: Алматыдағы City Run жарысына 25 елден 2 500 жүгіруші қатысты
