Қытайда құрастырылған, салмағы 10 тоннаға дейін жететін CE-25A электрлі коммерциялық ұшағы экипаж қатысқан алғашқы сынақ рейсін сәтті орындады. Бұл туралы Қытайдың коммерциялық авиация корпорациясы (COMAC) хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
14 қарашада Шаньдун провинциясының Биньчжоу қаласында өткен сынаққа екі ұшқыш пен бір ұшу сынағының инженері қатысты. Корпорация мәліметінше, әуе кемесінің барлық жүйесі қалыпты жұмыс істеп, техникалық көрсеткіштері күтілген нәтижеге сәйкес болған.
CE-25A – COMAC компаниясы әзірлеген алғашқы электрлі коммерциялық ұшақ. Ол негізінен қалалар арасындағы жолаушылар тасымалына арналған және 19 адамға дейін тасымалдай алады.
Әуе кемесінің негізгі техникалық сипаттамалары:
- Ең жоғары ұшу салмағы – 10 тонна;
- Қалыпты ұшу жылдамдығы – сағатына 300 шақырым;
- Қалыпты ұшу биіктігі – 2 400 метр;
- Ұшу қашықтығы – 400 шақырым.
Бұған дейін, 2026 жылғы 2 ақпанда, CE-25A алғаш рет ұшқышсыз режимде сынақтан өткен. Содан бері әуе кемесі осындай режимде 19 сынақ рейсін орындаған.
Жоба COMAC корпорациясының Қытайдың аккумулятор өндірушісі CATL, Шанхай Цзяотун университеті және басқа да серіктестерімен бірлесіп әзірленген.
Қазіргі уақытта Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы COMAC компаниясының ұшақ үлгісіне сертификат беру жөніндегі өтінімін қарастырып жатыр.
Келесі материал: Өзбекстан Қазақстан және Қырғызстанмен ортақ кедендік бақылау жүйесін енгізуді талқылап жатыр
