Түркия 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 49 млн 132 мың турист қабылдады. Осы кезеңде елдің туризм саласынан түскен табысы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға өсіп, 51,278 млрд долларға жетті. Бұл туралы Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
Министр бұл деректерді 2027 жылға арналған Мәдениет және туризм министрлігінің бюджеті талқыланған парламенттік комиссия отырысында таныстырды.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында туристердің елде орташа болу ұзақтығы 10,34 түнді құраған. Ал бір туристің бір түндегі орташа шығыны 4,6 пайызға өсіп, 107,7 долларға жетті. Шетелдік туристер арасында бұл көрсеткіш 119,9 доллар болған.
Эрсойдың сөзінше, туристер санын арттырумен қатар, олардың елде өткізетін уақытын ұзарту және туризмнен түсетін кірісті көбейту негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Министрлік туристік белсенділікті елдің 81 өңіріне таратып, жыл бойы тұрақты туристік ағын қалыптастыруды көздейді.
Түркия туризмді дамытудың бес бағытын айқындады
Мехмет Нури Эрсой 2027 жылға арналған туристік саясат бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асатынын айтты.
Біріншіден, дәстүрлі туристік нарықтардағы сұранысты сақтап, елдің барлық өңірін қамтитын жарнамалық науқандарды күшейту жоспарланған. Сонымен қатар туристік қызмет түрлерін көбейтіп, демалыс маусымын жыл бойына ұзарту көзделіп отыр.
Екіншіден, Америка, Азия, Африка және Аустралия нарықтарында жаңа туристерді тарту жұмыстары жанданады.
Үшіншіден, әуе компаниялары мен туроператорлармен серіктестік орнатып, тікелей рейстер санын және әуе қатынасының мүмкіндіктерін арттыру жоспарланған.
Төртіншіден, халықаралық спорттық, мәдени және ірі іс-шаралар арқылы Түркияның қауіпсіз әрі тартымды туристік бағыт ретіндегі имиджін нығайтуға басымдық беріледі. Сондай-ақ табысы жоғары туристерді тартуға арналған ұсыныстарды кеңейту көзделген.
Бесіншіден, жарнамалық науқандардың тиімділігін арттыру үшін деректер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану жоспарланып отыр. Олар туристердің сұранысын болжауға, жарнаманы нақты аудиторияға бағыттауға және маркетингтік шығындарды оңтайландыруға көмектеседі.
Министр алдағы кезеңде әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, әуе кеңістігінің жабылуы және энергия бағасының өсуі халықаралық туризмге әсер етуі мүмкін екенін де атап өтті. Осыған байланысты Түркия туристік нарықтарды әртараптандыру мен инфрақұрылымды дамытуға басымдық бермек.
Түркияның туристік платформасы 77 млн қолданушы жинады
Туризмді халықаралық деңгейде танытуға арналған GoTürkiye платформасының аудиториясы да өсіп келеді. Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша сайтқа кірген бірегей қолданушылар саны 77,2 млн-ға жеткен.
Ал қыркүйек айында платформаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жазылғандар саны 23 млн 338 мың адамды құраған.
Эрсойдың айтуынша, Түркия ұлттық туристік аккаунттар арасында YouTube пен TikTok платформаларында бірінші, ал Instagram желісінде екінші орынға шыққан. Министр мұны елдің халықаралық туристік коммуникациядағы танымалдығы мен цифрлық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші ретінде бағалады
Келесі материал: Қытайда ЖИ арқылы түсірілетін сериалдар нарығы 22 млрд юаньнан асты
