Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздарға жоғары білім алуға арналған 1 040 орын бөлінді. Оның 800-і мемлекеттік білім беру гранты болса, 240 орын күштік құрылымдардың жоғары оқу орындарына тиесілі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz.
Астанада 2025 жылдың күзінде әскерге шақырылған азаматтарға арналған білім беру орындарын бөлу мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысты.
Бөлінген орындардың 800-ін Ғылым және жоғары білім министрлігі, қалған 240-ын күштік құрылымдардың ведомстволық жоғары оқу орындары ұсынды.

Конкурстық іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық платформасы арқылы өткізілді. Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякина үміткерлерді бағалау тәртібіне тоқталды.
– Жас азаматтар үшін бұл – әскери қызметін аяқтағаннан кейін білімін жалғастырып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге берілген жақсы мүмкіндік. Үміткерлердің рейтингін қалыптастыру кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндеттерін орындау сапасы, психологиялық даярлығы және тестілеу қорытындылары ескерілді. Осы көрсеткіштер негізінде жауынгерлік сайыстың қорытындысы бойынша білім беру гранттарына ие болғандар анықталды, – деп түсіндірді майор Л. Перякина.
Байқауға еліміздің 160 әскери бөлімінен 8 823 әскери қызметші қатысқан. Іріктеу нәтижелері мен жеңімпаздардың сертификаттары «Срочники 2.0» платформасында жарияланды.
Әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына түскен жастарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, студенттерге оқудың алғашқы жылында жатақханадан басымдықпен орын беріліп, шәкіртақы төлеу қарастырылған.

Жобаны жүзеге асыруға Құрылтай депутаттары Нұргүл Тау мен Олжас Құспеков те атсалысқан. Сонымен қатар білім беру бағыттарының тізімін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен кеңейту мәселесі де қарастырылып жатыр.
Қазіргі уақытта әскери қызметін аяқтаған жастар бес бағыт бойынша білім ала алады. Олар: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс мамандықтары, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария және қызмет көрсету саласы.
Келесі материал: Жаңбыр, қар және автобус рейстерінің қысқаруы: Алматы көлік коллапсының алдын қалай алады?
