Өзбекстанның Наманган облысы Пап ауданындағы археологтер ежелгі Қыркхуджра қалашығының орнында қазба жұмыстарын бастады. Зерттеушілер бірнеше ғасыр бұрынғы қаланың келбетін, құрылымын және тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін анықтауды көздеп отыр деп жазады, SteppeNews.kz Podrobno.uz сайтына сілтеме жасап.
Экспедицияға Өзбекстан Ғылым академиясының Антропология институты, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Археология институты мамандары, сондай-ақ Наманган мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері қатысуда.
Зерттеу жұмыстарына тарих ғылымдарының докторы, профессор Абдулхамид Анарбаев жетекшілік етеді. Онымен бірге Қытай ғалымдары Лю Тао, Ай Айса және Ван Син жұмыс істеп жатыр.
Археологиялық қазба жұмыстары бірден төрт аумақта ұйымдастырылған. Мамандар қалашықтың орталық бөлігі саналатын цитадельді, сондай-ақ солтүстік және батыс бөліктерін зерттеуде.
Қазба барысында көне ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар, ғимараттардың қалдықтары мен өзге де тарихи жәдігерлер табылуда. Бұл олжалар қоныстың даму кезеңдерін, құрылыс ерекшеліктерін және ежелгі тұрғындардың күнделікті өмірін анықтауға көмектеседі.
Зерттеушілердің айтуынша, экспедиция нәтижесінде Қыркхуджраның тарихы, құрылыс жүйесі мен ежелгі тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі туралы жаңа мәліметтер алынуы мүмкін. Сондай-ақ табылған жәдігерлер қазіргі Наманган өңірінің өткенін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Самарқанд облысының Қошрабад ауданында жүргізілген зерттеулер кезінде археологтер Нұрата жотасының тауларынан мезолит пен неолит дәуірлеріне жатуы мүмкін жартастағы суреттерді және қола дәуіріндегі ежелгі қоныстың іздерін тапқан болатын.
Келесі материал: Алматы Беларусьпен сауда-экономикалық байланысты нығайтуды көздейді
