Қырғызстандық 26 жастағы Насирдин Омуралиев Польшада жеті жылдан астам уақыт тұрғаннан кейін, туған еліне ерекше жолмен оралуды ұйғарған. Ол ұшаққа мінудің орнына велосипедпен саяхатқа шығып, Еуропадан Бішкекке дейін шамамен 6 мың шақырым жол жүріп өткен. Сапар барысында оған 64 жастағы италиялық Марко Фантелло қосылған. Екі саяхатшыны Бішкектегі Ала-Тоо алаңында жерлестері салтанатты түрде қарсы алды, деп жазады SteppeNews.kz kaktus.media — ға сілтеме жасап.
Насирдин жолда 72 күн өткізген. Ал аялдамалар мен демалыс уақытын қосқанда, бүкіл сапары 3 ай 12 күнге созылған. Ол алты елдің аумағын басып өтіп, саяхатын туған қаласындағы Ала-Тоо алаңында аяқтады. Оның сапарын Instagram желісі арқылы бақылап отырған туыстары мен қала тұрғындары мәреге жеткен сәтте күтіп алды.
Саяхатшының айтуынша, ол үшін бұл сапардың мақсаты тек Отанына оралу емес, сонымен қатар шетелдіктерге Қырғызстанды таныстыру болған.
«Қырғызстаннан екенімді айтқан кезде адамдар таңғалды. Кейбірі біздің елден шыққан саяхатшыны алғаш рет кездестіріп тұрғанын айтты. Әдетте мұндай сапарларға еуропалықтар шығады. Мен үшін бұл үлкен мақтаныш болды», – дейді Насирдин.

60 келі жүк, шатырдағы түндер және шекарадағы қиындықтар
Саяхатшының бағыты Польша, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арқылы өткен. Алғашында ол Польша аумағында 1 500 шақырым жол жүріп үлгерген. Алайда көрші мемлекеттерге өту үшін виза мәселесі туындағандықтан, Түркияға ұшақпен жетіп, сапарын сол жерден велосипедпен жалғастырған.
Ұзақ жол физикалық тұрғыдан да оңайға соқпаған. Насирдиннің салмағы – 66 келі. Ал француздық велосипедінің өзі мен жолға қажетті жабдықтарының жалпы салмағы 60 келіге жуық болған. Яғни, ол таулы аймақтар мен тік өрлерде өз салмағына жуық жүкпен жүруге мәжбүр болған.

Саяхат кезінде ол барынша қарапайым жағдайда өмір сүрген. Жол бойында шатыр тігіп түнеген, тамағын өзі әзірлеген. Таң атқан соң қайтадан жолға шыққан. Дегенмен оның айтуынша, ең үлкен қиындық физикалық жүктеме емес, мемлекеттік шекаралардан өту болған. Әсіресе Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы шекарада біраз кедергіге тап болған.
«Ұйықтамай, қатты алаңдаған күндерім болды. Шекарада кейде өткізгісі келмейтін жағдайлар кездесті. Барлығы шекарашылардың шешіміне байланысты еді. Егер өткізсе, жолымды жалғастырамын, ал өткізбесе, ұшаққа отыруға тура келетін. Бірақ мен мақсатыма жетуге бел будым. Қажет болса, үлкен айналма жол жасап, тіпті қыста да велосипедпен жүре берер едім», – деп еске алады ол.
Сапар барысында дөңгелектердің жиі жарылуы да саяхатшының жүйкесіне салмақ салған. Жол бойында велосипед камерасы шамамен 20 рет тесіліп, бір күннің өзінде шинасы төрт рет жарылған кез болған.
«Сол сәтте шыдамым таусылды. «Болды, енді жетеді» деп ойладым. Бірақ велосипедті қолмен итеріп жүруге тура келсе де, жолымды жалғастыратынымды түсіндім», – дейді Насирдин.
Кейін оған отандастары арнайы берік шиналар сыйлап, бұл мәселенің шешілуіне көмектескен.
Қиындықтарға қарамастан, саяхатшы жол бойында кездескен адамдардың қонақжайлығын ерекше атап өтті. Түркия мен Грузия тұрғындары оны жиі қонаққа шақырып, тамақ беріп, түнеуге көмектескен. Ал шетелде тұратын қырғызстандықтар қаржылай қолдау көрсеткен.
Италиялық 64 жастағы саяхатшы оның жолсерігіне айналды
Насирдин Әзербайжан астанасы Баку маңындағы Алят теңіз портында 64 жастағы италиялық Марко есімді саяхатшымен танысқан. Ол Қазақстанға баратын паромды күтіп жүрген екен. Марко бастапқыда жалғыз өзі велосипедпен саяхаттап, Самарқандқа дейін жетуді, одан әрі еліне ұшақпен қайтуды жоспарлаған.

Алайда қырғызстандық жігітпен таныстығы оның жоспарын өзгерткен. Насирдин жаңа танысын туған еліне қонаққа шақырған. Осылайша, екеуі Қазақстан мен Өзбекстан аумағын бірге жүріп өтіп, Бішкекке қатар жеткен.
«Мен велосипедпен келе жатқан бір жігітті көрдім. Содан кейін жолымызды бірге жалғастыруды шештік. Насирдин – керемет адам. Ол мені өз еліне, отбасына қонаққа шақырды. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Бейсенбі күні Италияға ұшамын, бірақ көктемде велосипедпен қайта оралып, осы елдің басқа да тамаша жерлерін аралағым келеді», – дейді Марко.
Италиялық саяхатшы қонақүй бизнесінде жұмыс істейді. Насирдин оған қырғыздың ұлттық бас киімі – ақ қалпақты сыйға тартқан. Марко оны Италияға барған соң да жұмысына киіп барып, туристерге Қырғызстан туралы әңгімелеп беруге уәде еткен.
Қырғызстанда велотуризмді дамытуды көздейді

Туған еліне оралған Насирдин Бішкектің айтарлықтай өзгергенін және қалалар арасындағы жолдардың сапасы жақсарғанын байқаған. Енді ол елдің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып, велотуризмді дамытуға ниетті.
«Алдымен аздап демаламын. Содан кейін туризм бағытын дамытқым келеді. Велосипедпен саяхаттау турларын ұйымдастырып, жастарды осы іске тартуға, Қырғызстанды әлемге танытып, елімізге шетелдік қонақтарды көбірек әкелуге дайынбыз», – дейді ол.
Насирдиннің айтуынша, ол құрлықаралық велосаяхатын тағы да қайталауға дайын. Алайда келесі жолы сапарға әлдеқайда аз жүк алмақ. Өйткені таулар мен асулар арқылы тасымалдаған 60 келі заттың жартысына жуығы өзіне қажет болмағанын түсінген.
Оның алдағы жоспары – Қырғызстанның табиғаты мен көрікті жерлерін велосипедпен аралап, елдің туристік мүмкіндіктерін шетелдік саяхатшыларға кеңінен таныстыру.
Келесі материал: Өзбекстан мақта өнімін 5 миллион тоннадан асырды: рекордтық көрсеткішке қандай технологиялар әсер етті?
