Өзбекстан 2026 жылы мақта шаруашылығында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Елде 5 миллион тоннадан астам шикі мақта жиналып, өнімнің жалпы құны 34 триллион сумға бағаланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен бір миллион тоннадан астам жоғары, деп жазады SteppeNews.kz Gazeta.uz — ға сілтеме жасап.
Алайда мол өнім тек егіс көлемін ұлғайтудың нәтижесі емес. Ауыл шаруашылығына жаңа биотехнологиялық сұрыптар, егіс әдістері, өсімдіктің пісу мерзімін реттеу тәсілдері мен цифрлық бақылау жүйелері енгізілген. Өзбекстан билігі алдағы жылдары мақта жинауды толық механикаландырып, суды аз жұмсау және өнімділікті арттыру арқылы саланың тиімділігін көтеруді көздеп отыр.
Бір жылда бір миллион тоннадан астам өсім
Өзбекстанның ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов 6 қарашада өткен баспасөз мәслихатында биыл елде 5 миллион тоннадан астам шикі мақта жиналғанын мәлімдеді. Оның жалпы құны 34 триллион сум болған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы елде шамамен 4 миллион тонна мақта өсірілген. Демек, бір жылдың ішінде өндіріс көлемі едәуір артқан. Министрдің мәліметінше, биыл шамамен 400 мың гектар алқапта әр гектардан орта есеппен 70 центнер өнім алынған. Ал 70 мың гектарға жуық жерде бұл көрсеткіш 100–110 центнерге жеткен.
Дегенмен барлық шаруашылықта нәтиже бірдей болмаған. Шамамен 250 мың гектар жер бұрынғы өнімділік деңгейінде қалған. Бұған кейбір фермерлердің жаңа технологияларды қолданбауы, зиянкестерге төзімді сұрыптарды екпеуі және алқаптағы өсімдіктердің тығыздығына жеткілікті көңіл бөлмеуі әсер еткен.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биылғы жауын-шашынның көп болуы да кейбір алқаптарда арамшөптердің көбеюіне әкелген. Оларды отау кезінде мақта өсімдіктері де зақымданған. Соның салдарынан жекелеген жерлерде бір гектардағы өсімдік саны 48–50 мыңға дейін азайған.
Министрлік өнімділігі төмен шаруашылықтарды жеке тізімге енгізіп, фермерлерді жұмыс нәтижесіне қарай жасыл, сары және қызыл санаттарға бөлген.
Мақта өнімділігін арттырған жаңа сұрыптар
Өнім көлемінің өсуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – мақта көбелегі деп аталатын зиянкеске төзімді биотехнологиялық сұрыптарды енгізу.
Министрдің түсіндіруінше, бұған дейін Өзбекстанда кең таралған дәстүрлі мақта сұрыптары осы зиянкеске жеткілікті деңгейде төзімді болмаған. Оның дерегінше, зиянкестің бір дернәсілі бір түнде он мақта қауашағына дейін зақымдауы мүмкін. Сондықтан фермерлер бұрын егіннің едәуір бөлігінен айырылатын жағдайлар болған.
Жаңа сұрыптарды енгізу осы мәселені азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар мақтаның пісуіне ауа райы да ықпал еткен. 2025 жылдың құрғақ күзі мақта қауашақтарының жақсы ашылуына жағдай жасап, егін жинау науқаны қараша айының соңына дейін жалғасқан.
Министрдің айтуынша, мақта шаруашылығындағы тағы бір маңызды мәселе – өнімді толық пісіп-жетілмей тұрып жинау тәжірибесі болған.
Бұрын фермерлер қыркүйек айының басында төменгі бұтақтардағы ашылған үш-төрт қауашақты жинап, қазан айында екінші, қарашаға жақын үшінші кезеңді өткізген. Соған қарамастан, бұталарда ашылмаған қауашақтар қалып отырған.
«Біз мақтаның қауашақтарын санап, болашақ өнім көлемін бағалайтынбыз. Бірақ өнімнің едәуір бөлігі алқапта қалып қоятыны анықталды. Сондықтан мақтаны толық пісіп-жетілдіруді үйренуіміз керек», – деді Иброхим Абдурахмонов.
Мамандардың пікірінше, мақта өсімдігінің толық даму кезеңі сұрпына қарай 220–270 күнге созылуы мүмкін. Өзбекстан әлемдегі мақта өсірілетін белдеудің солтүстік бөлігінде орналасқандықтан, өсімдіктің өсуі мен пісу мерзімін дұрыс басқару ерекше маңызды.
Қытай мен Түркия тәжірибесі қалай қолданылды?
Өзбекстан мақта өнімділігін арттыру үшін Қытай, Түркия, Бразилия және Аргентина елдерінің тәжірибесін зерттеген. Әсіресе егіс алқабындағы өсімдіктердің тығыздығын арттыру әдісіне назар аударылған.
Мысалы, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында бір гектардан орта есеппен 90 центнер мақта жиналады. Бұл нәтижеге гектарына шамамен 250 мың түп өсімдік отырғызу арқылы қол жеткізіледі.
Ал Түркияда орташа өнімділік гектарына кемінде 50 центнерді құрайды. Өзбекстан мамандары түрік сұрыптарын елге әкеліп, жергілікті климат жағдайында сынақтан өткізген.
Бразилия мен Аргентинада да гектарына 200 мыңнан астам өсімдік отырғызу тәжірибесі қолданылады.
Өзбекстанда 2024 жылы мақта көбелегіне төзімді биотехнологиялық сұрыптар 142 мың гектар жерге егілген. Бұл алқаптарда екі қатарлы егіс әдісі қолданылып, өсімдіктердің тығыздығы гектарына 200 мыңнан асқан. Нәтижесінде әр гектардан 50–60 центнер өнім алынған.
Бұған дейін елде қатар аралығы 90 сантиметр болатын алқаптарға гектарына шамамен 100 мың түп мақта егілетін. Жаңа тәжірибе қатар аралығын 90 сантиметрден 76 сантиметрге дейін қысқартудың жерді пайдалану тиімділігін 14 пайызға арттыратынын көрсеткен.
Екі қатарлы егіс әдісі арқылы бір гектарға 240 мыңға дейін өсімдік орналастыруға болады.
Сонымен бірге мақта сабағының биіктігін шамамен 95 сантиметр деңгейінде шектеу технологиясы енгізілген. Бұл өсімдіктің күшін сабақтың өсуіне емес, қауашақтардың қалыптасуы мен жетілуіне бағыттауға мүмкіндік береді.

Тыңайтқыш қолдану тәсілі өзгерді
Өнімділікті арттыру үшін Өзбекстанда мақта алқаптарын қоректендіру жүйесі де қайта қаралған.
Министрдің мәліметінше, бұрын кейбір шаруашылықтар бір гектарға бір тоннаға дейін азот тыңайтқышын қолданған. Алайда биыл оның көлемі 200 килограмға дейін қысқартылып, фосфор мен микроэлементтерді пайдалануға басымдық берілген.
Атап айтқанда, марганец, темір, бор қышқылы және кальций қолданылған.
Бұл элементтердің әрқайсысы өсімдіктің дамуында белгілі бір қызмет атқарады. Марганец фотосинтез процесіне қатысады, темір мен кальций қоректік заттардың сіңуіне ықпал етеді, ал бор гүлдер мен мақта қауашақтарының сақталуына көмектеседі.
Биыл бор қышқылы гектарына 250–500 грамм мөлшерінде екі рет суспензия түрінде енгізілген. Министрдің айтуынша, бұл әдіс аптап ыстық күндері гүлдердің түсіп қалуын азайтуға мүмкіндік берген.
Бұдан бөлек, мақта өсіруде аспирин мен ашытқы да пайдаланылған. Бір гектарға 250–500 грамм аспирин жұмсалған. Ал ашытқы өсімдіктің глюкозаны сіңіру процесін жылдамдату үшін қолданылған.
Министр бұл тәсілдердің салыстырмалы түрде арзан екенін атап өтті. Оның дерегінше, бір гектарға аспирин қолдану шамамен 35 мың сум, ал бор қышқылын пайдалану 80 мың сум шығынды қажет етеді.
«Басты жаңалығымыз – 1 тамыз»: мақтаның пісу мерзімін басқару
Өзбекстандағы мақта шаруашылығындағы маңызды өзгерістердің бірі – өсімдікті тамыз айының басынан бастап пісуге дайындау әдісі.
Бұрын фермерлер мақта жапырақтарын жасанды түрде түсіретін дефолиация жұмыстарын қыркүйектің екінші жартысында немесе айдың соңында жүргізген. Бұл кезде мақта қауашақтарының бір бөлігі әлі толық жетілмеген болатын.
2026 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мақта шаруашылығы жөніндегі кеңес мамандары агротехникалық жұмыстардың ретін өзгерту туралы шешім қабылдаған.
Олардың жаңа тәсілі бойынша, 1 тамыздан бастап мақтаның гүлдеуін тоқтатып, өсімдіктің күшін бұрын қалыптасқан қауашақтардың жетілуіне бағыттау көзделген. Ол үшін өсімдіктің қартаю процесін реттейтін этефон препараты қолданылған.
Министрдің түсіндіруінше, препарат енгізілгеннен кейін шамамен 12 күн ішінде өсімдіктің қартаю процесі басталады. Нәтижесінде жаңа қауашақтардың қалыптасуы тоқтап, жапырақтардағы қоректік заттар бұрын пайда болған қауашақтарға бағытталады.
«Бұрын қыркүйек айында әлі жасыл тұрған жапырақтарды алып тастайтынбыз. Онымен бірге қоректік заттар да жоғалатын.
Биыл алдымен этефон қолданып, қоректік заттарды қауашақтарға бағыттадық. Осы тәсілдің өзі гектарына шаққандағы өнімділікті 20 центнерге арттыруға мүмкіндік берді», – деді министр.
Осыдан кейін дефолиация мен десикация жұмыстары бөлек мерзімде жүргізілген. Жапырақтарды түсіру 25 тамызға дейін, ал мақта сабағы мен тамыр жүйесін кептіруге бағытталған десикация 15 қыркүйекке дейін аяқталған.

Министрдің айтуынша, мақта қауашағының ашылуы оның толық пісіп-жетілгенін білдірмейді. Өсімдік сабағы кепкенге дейін талшық қауашақтан қоректік заттар алып, салмағын арттыра береді.
Ол 2024 жылғы тәжірибені мысалға келтірген. Десикация жүргізілген алқаптарда өнімділік гектарына 100 центнерге дейін жетсе, бұл әдіс қолданылмаған жерлерде 45–50 центнер деңгейінде қалған.
Абдурахмоновтың пікірінше, Өзбекстандағы басты жаңалық қымбат жабдық сатып алу емес, әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар агротехнологияларды жергілікті климатқа бейімдеп, фермерлерге қолжетімді ету болған.
Мақта жинау толық механикаландырылмақ
Өзбекстанда мақта жинау науқанына техника тарту жұмыстары да жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, 2026 жылғы өнімнің 75–80 пайызы машинамен жиналған. Сырдария және Жызақ облыстарында мақта жинау толығымен механикаландырылған.
Ел билігі 2027 жылдан бастап қолмен мақта жинаудан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл үшін мақта өсіруді ірі алқаптарға шоғырландыру, техниканың жұмыс істеуіне қолайлы жерлерді анықтау және жаңа суару жүйелерін енгізу көзделген.
Министрдің айтуынша, Бухара облысының Алат және Қаракөл аудандарындағы тұзданған жерлерде жаңа технологиялардың көмегімен гектарына 70–80 центнер өнім алуға қол жеткізілген.
Алдағы уақытта мақта шаруашылығын шөлейт әрі ыстық аймақтарда дамыту жоспарланып отыр. Мұндай жерлерде тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы өндірісті жолға қою көзделген.

Су ресурстарын үнемдеу – басты міндеттердің бірі
Мақта өндірісінің артуы су ресурстарына түсетін жүктеме мәселесін де күн тәртібіне шығарады. Әсіресе су тапшылығы сезілетін Орталық Азия үшін бұл маңызды мәселе.
Иброхим Абдурахмоновтың мәліметінше, бір гектар мақта өсіруге орта есеппен 7 мың текше метр су жұмсалады. Оның шамамен 3,5 мың текше метрі тұзданған топырақты шаюға кетеді.
Осы шығынды азайту мақсатында Өзбекстанның Бухара, Науаи, Хорезм облыстары мен Қарақалпақстанның кейбір аудандарында топырақты алдын ала тұздан арылтпай-ақ мақта өсіруге мүмкіндік беретін технологиялар енгізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, тамшылатып суару суды тұтынуды 40 пайызға дейін қысқарта алады. Сонымен қатар пленка астымен суару әдісі де тиімді деп бағаланған.
2027 жылға қарай тамшылатып суару жүйесін шамамен 600 мың гектар мақта алқабына енгізу жоспарланып отыр.
Топырақ құнарлылығын сақтау үшін ауыспалы егіс жүйесін кеңейту де қарастырылған. Атап айтқанда, бидай мен мақтаны кезектестіріп егу, астық жиналғаннан кейін қосымша көкөніс дақылдарын өсіру ұсынылады.
Бұдан бөлек, мақта сабағын қайта өңдеп, биокөмір өндіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Министрдің бағалауынша, бір гектардан 10 тоннадан астам құрғақ сабақ жинап, одан шамамен 5 тонна биокөмір алуға болады.
Биокөмірдің бір тоннасы 90 доллардан сатылған жағдайда фермер гектарына қосымша шамамен 450 доллар табыс табуы мүмкін.
Мақта арасында зире өсіру жоспарланып отыр
Өзбекстанда фермерлердің табысын арттыру үшін мақтамен қатар басқа дақылдарды өсіру тәжірибесін кеңейту көзделген.
Мәселен, 2025 жылы 1000 гектар алқапта мақта қатарларының арасына зире егілген. 2027 жылы мұндай алқаптардың көлемін кемінде 10 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, зире мақта гүлдегенге дейін пісіп үлгереді. Сондықтан мақта қатарларының арасына екі қатар зире егуге болады. Ол сол алқаптағы ылғал мен тыңайтқышты пайдаланып өседі.
Абдурахмоновтың бағалауынша, мұндай тәсіл бір гектардан 15 миллион сумға дейін таза пайда әкелуі мүмкін. Бұл фермерлердің мақта өсіруге жұмсайтын шығындарын өтеуге де көмектеседі.
Мақта арасында сарымсақ, сәбіз, қызылша және ноқат өсіру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Алайда бұл дақылдарды өсіру күрделірек агротехникалық күтімді қажет етеді.
Өзбекстан жыл сайын шамамен 5 миллион доллардың зиресін импорттайды. Сондықтан ішкі өндірісті ұлғайту импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, болашақта экспорт көлемін арттыруға да мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект мақта есебін қалай бақылайды?

Мақта өндірісіндегі тағы бір маңызды бағыт – жиналған өнім көлемін цифрлық бақылау.
Министрдің мәліметінше, 2024 жылдан бастап мақтаны қабылдау процесінде цифрлық таразылар, бейнебақылау камералары және жасанды интеллект технологиялары қолданыла бастаған. Мақта қабылдау пунктіне жеткізілген сәттен бастап көліктің мемлекеттік нөмірі мен тіркемесі суретке түсіріледі. Ал бейнекамералар жүктің қозғалысын бақылайды. Жасанды интеллект жүйесі мақтаның ішінде бөгде заттардың бар-жоғын да тексереді.
2026 жылы жүйеге өнім жеткізілетін нақты егістік алқаптары туралы ақпарат қосылған. Енді мақтаны тасымалдаған көліктің қай жерден шыққаны және қабылдау пунктіне қанша уақытта жететіні бақыланады. Осылайша, жиналған мақтаның көлемін нақты алқаптармен байланыстырып, есептегі мәліметтердің бұрмалануына жол бермеу көзделген.
Шикі мақта емес, дайын өнім экспорттау басымдыққа айналды
Өзбекстан мақта өндірісін арттырумен қатар, оны ел ішінде өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріп отыр.
Иброхим Абдурахмоновтың айтуынша, бүгінде елде өндірілген мақта талшығының барлығы жергілікті кәсіпорындарда өңделеді. Бұған дейін Өзбекстан негізінен шикізат түріндегі мақта талшығын экспорттаса, қазір дайын тоқыма және киім өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған.
Қазіргі уақытта елде 142-ден астам тоқыма кластері мен саланың 183 кәсіпорны жұмыс істейді. Министрдің дерегінше, бұрын мақта талшығының экспорты шамамен 1 миллиард доллар табыс әкелсе, өңделген өнім экспорты қазір 4,1 миллиард долларға жеткен. Ал болашақта бұл көрсеткішті 9 миллиард долларға дейін арттыру міндеті қойылған.
Бұл стратегияның негізгі мақсаты – мақтаны тек өсіріп қана қоймай, оны дайын өнімге айналдыру арқылы экономикалық құнын арттыру.

2027 жылы өнім көлемі 6 миллион тоннадан асуы мүмкін
Өзбекстан билігі алдағы жылы мақта өнімділігін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2027 жылы орташа өнімділікті гектарына 70 центнерге дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсат орындалса, жалпы өнім көлемі 6 миллион тоннадан асуы мүмкін.
Сонымен қатар мақта егілетін жер көлемін қысқартып, қалған алқаптардың өнімділігін арттыру жоспарда бар. Министрдің пікірінше, 400–500 мың гектар жерден гектарына 90–100 центнер өнім алуға мүмкіндік болса, басқа алқаптарды бау-бақша мен көкөніс өсіруге пайдалануға болады. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
4 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 5 миллион тоннадан астам шикі мақта жинаған фермерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтап, бұл нәтижені ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш деп атаған.
Президенттің мәліметінше, соңғы жылдары Өзбекстанда мақтаның орташа өнімділігі 2,7 есе өсіп, гектарына 21 центнерден 56 центнерге жеткен. Сонымен қатар мақта егілетін алқап көлемі 38 пайызға қысқарған.
Мемлекет басшысы 2027 жылы гектарына 65–70 центнер өнім алуды міндеттеген. Ол үшін жоғары өнімді сұрыптарды, ауыл шаруашылығы дрондарын, су мен энергияны үнемдейтін технологияларды және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

Айта кетейік, мақта жинауды механикаландыру деңгейіне қатысты ресми мәліметтерде айырмашылық бар. Президенттің 4 қарашадағы құттықтауында өнімнің 85 пайызы машинамен жиналғаны айтылса, ауыл шаруашылығы министрі 6 қарашадағы баспасөз мәслихатында бұл көрсеткішті 75–80 пайыз деп көрсеткен. Мәліметтер арасындағы айырмашылыққа қатысты қосымша түсініктеме берілмеген.
Өзбекстанның мақта шаруашылығындағы рекордтық көрсеткіші ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртудың маңызын көрсетеді. Өнімділікті арттыру, суды үнемдеу, егін жинауды механикаландыру және шикізатты ел ішінде өңдеу – саланы дамытудың негізгі бағыттарына айналған.
Дегенмен өндіріс көлемінің өсуімен қатар су ресурстарын сақтау мен топырақ құнарлылығын қорғау мәселелері де өзекті болып қала береді7
Келесі материал: Моңғолия Шыңғыс хан бейнесін арақ пен темекіде қолдануға тыйым салады
