Шыңғыс ханның бейнесін алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің қаптамасында қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Моңғолия Парламенті, саналатын Ульсийн Их Хуралы, спикер С.Бямбацогттың төрағалығымен өткен отырыста их қағанның мұрасын ұлықтау мен оның бейнесін коммерциялық мақсатта пайдалануды реттейтін арнайы қаулы қабылдады, деп жазады SteppeNews.kz.
«Ұлы Моңғол мемлекеті құрылғанына 820 жыл толуына орай Ұлы Шыңғыс ханның мемлекеттілік мұрасын ұлықтау мен мәңгілікке қалдыру туралы» деп аталатын бұл құжатты дауыс беруге қатысқан 90 депутаттың 67-сі қолдады.
Қабылданған құжатқа сәйкес, Үкіметке Ұлы Моңғол мемлекетінің тарихына қатысты тарихи орындарды анықтау, қорғау, археологиялық және этнографиялық зерттеулерді қолдау, сондай-ақ шетелде сақталған тарихи жәдігерлер мен дереккөздердің түпнұсқалары мен көшірмелерін елге қайтару міндеттелді.
Бұдан бөлек, Шыңғыс ханның есімі берілген өнімдерге салынатын акциз салығының белгілі бір бөлігі есебінен қаржыландырылатын арнайы қор құру ұсынылды. Сонымен бірге ұлы қағанның тарихына қатысты кітаптарды, фильмдерді және ғылыми зерттеулерді салықтан босату тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Парламент залында қабылданған бұл шешім аясында Үкіметке Шыңғыс ханның портретін, есімін, Гереге куәлігін, «Моңғолдың құпия шежіресі» еңбегін және Ұлы Моңғол мемлекетінің нышандарын пайдалану тәртібін реттейтін тиісті заң жобасын әзірлеу жүктелді.
УИХ Спикері С.Бямбацогттың өкіміне сәйкес, 10 қараша күні Төрі орталығында Парламенттің салтанатты отырысы өтеді. Бұл күн ай күнтізбесі бойынша өңірлік қыс айының алғашқы күніне, яғни Шыңғыс ханның туған күніне орайластырылған.
Келесі материал: Қазақ тіліндегі ЖИ серпілісі: OpenAI жобасына 14 миллиард токен мен 12 мың сағат аудио жиналды
