Австралиялық Hoofbeats ат спорты журналы Қазақстан Президентінің ат қорасындағы Ақжан есімді ахалтеке биесіне арнайы мақала арнады. Журналдың қазан-қараша айларындағы шығарылымының мұқабасында Ақжан мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Сәулелі Ақжан» (The Shining Akzhan) деп аталатын мақалада жас биенің тарихы, ерекше сыртқы келбеті және жылқының қазақ халқының мәдениеті мен тарихи мұрасындағы орны баяндалады.
Жылқы шаруашылығының тамыры тереңде жатқан Қазақстан үшін ахалтеке тұқымының маңызы ерекше. Ғасырлар бойы жылқы Ұлы дала тіршілігінің ажырамас бөлігі болды. Ол кең байтақ жерді игеруге көмектесіп, көшпенділердің сенімді серігіне айналды. Сонымен қатар күш-қуаттың, еркіндік пен төзімділіктің символы саналды.
Hoofbeats журналындағы мақалада осы тарихи сабақтастық Ақжанның бейнесі арқылы көрініс тапқан.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжанға ерекше қызығушылық танытады. Осындай айрықша жас жылқының күтімі мен дамуы арнайы бақылауда болғанымен, оның танымалдығы ат қорасынан тыс жерлерде де артып келе жатқаны ерекше әсер қалдырады», – деп жазады басылым.
Ақжан 2025 жылғы 30 наурызда Астанада дүниеге келген. Мақала авторларының пікірінше, биенің елден тыс жерлерге де танылуына ең алдымен оның ерекше сыртқы келбеті себеп болған.
Жарияланымда Ақжанның сирек кездесетін изабелла түсті жүн жамылғысына ерекше назар аударылған. Оның ашық түсті жүні күн сәулесімен шағылысып, металл немесе атлас тәрізді жарқырайды. Журнал авторлары ахалтеке жылқыларының сымбатты әрі нәзік көрінгенімен, күш-қуаты мен төзімділігі жоғары екенін атап өткен.
«Сымбат пен күштің үйлесімі» – авторлар ғасырлар бойы Орталық Азияның қатал табиғи жағдайында қалыптасқан ахалтеке тұқымын осылай сипаттайды. Бұл қасиеттер Ұлы даланың рухымен де үндеседі. Өйткені дала өмірінде төзімділік, тектілік және ұзақ жолды еңсеру қабілеті жоғары бағаланған.

Авторлар Ақжанның алдағы тағдырына да тоқталған. Болашақта ол асыл тұқымды жылқы ретінде пайдаланылып, жарыстарға қатысуы немесе ахалтеке тұқымын халықаралық деңгейде танытуы мүмкін. Дегенмен басылымның жазуынша, оның болашағына қатысты әзірге асығыс шешім қабылданбайды.
Мақаланың тағы бір бөлігінде Ақжанның қазіргі Қазақстан үшін символдық мәні сөз болады. Авторлар жас биенің бейнесін тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, қарқынды дамып келе жатқан Астанамен байланыстырады.
Журналдың пайымдауынша, Ақжан заманауи елорданың өзіндік тірі символына айналған. Ескерткіштер мен сәулет нысандарынан айырмашылығы, ол уақыт өте өзгеріп, дамып отырады. Оның өсуі мен қалыптасуы да елорданың дамуымен астасады.
«Ақжан өткен мен болашақтың бірін таңдаған Қазақстанды бейнелемейді. Керісінше, өткен тарихы мен болашағын қатар алып келе жатқан Қазақстанның бейнесін көрсетеді», – делінген мақалада.
Жарияланым соңында авторлар елдің заманауи дамуы тарихи мұрадан бас тартуды білдірмейтінін атап өтеді. Керісінше, Ұлы даланың дәстүрлері бүгінгі мәдениетпен сабақтасып, жаңа сипатта жалғасып келеді.
«Ұлы дала заманауи қаланың астында жоғалып кеткен жоқ. Ол жай ғана жарқыраудың жаңа жолын тапты», – деп түйіндейді Hoofbeats журналы.
Айта кетейік, Hoofbeats – жылқы шаруашылығы мен ат спортына арналған австралиялық мамандандырылған журнал. Басылым 1978 жылдың маусымында Перт қаласында құрылған. Журнал екі айда бір рет жарық көреді. Австралия мен Жаңа Зеландияда таралып, цифрлық нұсқасы арқылы әлем оқырмандарына да қолжетімді.
Келесі материал: Алматыдағы қандай үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алмайды?
