Халықаралық Architectural Digest басылымы Маңғыстау облысындағы бес киелі жерасты мешітіне, олардың тарихи, мәдени және сәулет мұрасына арналған Inside the Underground Mosques of Kazakhstan’s Surreal Mangystau Desert атты мақаласын жариялады деп жазады, SteppeNews.kz.
Материалды дайындау аясында өңірдегі бес киелі нысанның барлығы қамтылған: Бекет-Ата, Шопан-Ата, Қараман-Ата, Шақпақ-Ата және Сұлтан-Епе. Жарияланымда тікелей жартастардың ішінен қашалып жасалған мешіттердің бірегей сәулетіне, көпғасырлық тарихына және зиярат етушілер үшін рухани маңызына ерекше назар аударылған. XII–XVIII ғасырларға жататын бұл нысандар 2026 жылғы шілдеде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгені атап өтіледі.
Мақалада сондай-ақ Маңғыстаудың шөлді ландшафттары арқылы саяхаттаудың ерекшеліктері, сопылық шеберлердің тарихы және өңірдің киелі орындарына апаратын туристік маршруттар туралы баяндалады.
Материалды дайындауға «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдау көрсетті. Сонымен қатар жарияланымда өңірдегі бес киелі нысанға сапарларды ұйымдастыруға қатысқан кірме туризм саласындағы қазақстандық Red Maya Travel және Mangystau Tour 999 туроператорларының да аттары аталған.
Мақала ArchDigest.com цифрлық платформасында жарияланды. Аталған платформаның ай сайынғы аудиториясы 18 миллионнан астам бірегей пайдаланушыны құрайды. Материалдың жариялануы Маңғыстау облысының халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға және оның бірегей мәдени-тарихи мұрасын шетелдік аудитория арасында ілгерілетуге ықпал етеді.
Architectural Digest — архитектура, дизайн, интерьер және өмір салты тақырыптарына маманданған Condé Nast медиа компаниясының халықаралық басылымы. Басылым тоғыз халықаралық редакциямен ұсынылған және мәдени әрі туристік бағыттарды да жариялайды.
Келесі материал: Қазақстандық актер «Аштық ойындары» франшизасының жаңа фильміне түсті
