Астаналық 23 жастағы актер Диас Қалдыбеков голливудтық «Аштық ойындары: Орақ ору таңы» (The Hunger Games: Sunrise on the Reaping) фильмінде рөлге ие болды. Бұл — Сьюзен Коллинзтің аттас романына негізделген танымал антиутопиялық франшизаның бесінші бөлімі, деп жазады SteppeNews.kz.
ТМД кинотеатрларында фильмнің тұсаукесері 2026 жылдың 19 қарашасына жоспарланған. Киносыншылар туындыны жоғары бағалап, оны франшизаның ең үздік бөлімдерінің бірі деп атап үлгерді. Картинада сонымен қатар Рэйф Файнс, Джесси Племонс, Эль Фаннинг сияқты Голливудтың танымал жұлдыздары бой көрсетеді.
Диас Қалдыбеков картинада Англер есімді кейіпкердің рөлін сомдаған. Қазақстандық артист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында фильм түсірілімінен бірнеше сурет жариялап, «The Hunger Games: Sunrise on the Reaping 2026» деген ықшам жазба қалдырды.
Актер туралы айтар болсақ, ол Астана қаласында дүниеге келген. ҚазҰӨУ (Шабыт) колледжін «хор дирижеры» мамандығы бойынша аяқтаған. Қазіргі уақытта Берлинде тұрып, еңбек етеді. Еуропалық қысқаметражды фильмдерде («Bitten Soon», «Alien Husband») бой көрсетіп жүрген өнерпазбен MABO Agency актерлік агенттігі жұмыс істейді.
Отандық актердің Голливудтың ауқымды жобасына қатысуы туралы жаңалық әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қолдауға ие болып, желіде ақ тілектер ағылуда.
Келесі материал: Ұлы даланың көне өнерінен – халықаралық мойындауға дейін: Алматы облысында «Алатау салбұрыны – 2026» турнирі басталды
