Астанада өткен Қазақстан–Тәжікстан бизнес-форумы аясында екі елдің өкілдері жалпы құны 135,3 млн доллар болатын 11 келісімге қол қойды. Тараптар 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр, деп жазады SteppeNews.kz.
Бизнес-форум 5 қарашада Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға ресми сапары аясында өтті. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдары, салалық министрліктері мен іскерлік топтарының өкілдері қатысты.
Тәжікстанның Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд 130 млн долларға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 230,9 млн долларға немесе 25,6%-ға көп.
Қазақстан Тәжікстан экономикасына инвестиция салатын ірі мемлекеттердің қатарында. Шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі бойынша Қазақстан үшінші, ал тікелей шетелдік инвестициялар бойынша сегізінші орында тұр.
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның Тәжікстан экономикасына салған инвестициясы 97,8 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 35,6%-ға жоғары.
Өнеркәсіп пен логистика саласындағы ынтымақтастық
Келіссөздер барысында тараптар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, бірлескен өндіріс орындарын құру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ өзара жеткізілетін тауарлардың түрлерін көбейтуге назар аударылды.
Ауыл шаруашылығы, цифрлық экономика, ақпараттық технологиялар, IT қауіпсіздігі және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды.
Жаңартылатын энергия көздері бойынша бірлескен жобалар
Форумда энергетика саласындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған бірлескен жобаларға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Тәжікстанның энергетикалық қуаттарының 98%-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Оның басым бөлігін су электр станциялары құрайды.
Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі бар. Оның ішінде 172 нысан жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Олардың жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт болса, елдің энергетикалық жүйесінің жиынтық қуаты 27,1 ГВт-ты құрайды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5%-ға жетті. Бұл жоспарланған 7% көрсеткіштен жоғары.
Елде күн энергетикасын дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 900 МВт болатын ірі күн электр станциялары жобаларының тізімі қалыптастырылған.
Қазақстан 2035 жылдың соңына дейін жаңартылатын энергия көздерінің қуатын кемінде 8,4 ГВт-қа арттыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде күн энергетикасының үлесі шамамен 1,8 ГВт болады.
Форум аясында 11 келісімге қол қоюмен қатар, бизнес өкілдері арасында B2B және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы B2G форматтарында екіжақты келіссөздер өтті. Қатысушылар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту мәселелерін талқылады.
Келесі материал: Маңғыстаудағы әскери оқиға: 300-ден астам адамнан жауап алынды
