Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Биыл еліміздің әр өңірінен келген 20 отбасы адал еңбегімен, бала тәрбиесіндегі өнегесімен және қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен ерекшеленіп, байқау жеңімпазы атанды деп жазады, SteppeNews.kz.


Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.
Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтады. Ол сөзінде отбасының ұлттық және рухани құндылықтарды сақтаудағы, сондай-ақ елдің болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адами әлеуетті арттырудың және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі де осындай тәрбиеден қаланады.

Бүгін біз осы құндылықтарды өнегелі өмірімен танытып жүрген отбасыларға құрмет көрсетіп отырмыз. Әр шаңырақтың өмірден түйген тағылымы, берік ұстанған дәстүрі мен көпке үлгі болар игі істері бар. Сіздердің еңбектеріңіз бен игі істеріңіз арқылы жас ұрпақ отбасының қадірін, сыйластықтың мәнін, елге қызмет етудің маңызын түсінеді. Сондықтан осындай әулеттердің өмір жолы көпшілікке кеңінен таныстырылуы тиіс», – деді Арман Қырықбаев.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында адам капиталын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселелеріне баса назар аударылды. Президент бала тәрбиесі мен оның өмірлік көзқарасын қалыптастыруда отбасы, мектеп, ұстаз және оқушының өзара жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты отбасы институтын нығайту, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қоғамның ортақ міндеті саналады.
«Мерейлі отбасы» байқауының басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді сақтап, балаларға өнегелі тәрбие беріп отырған отбасылардың тәжірибесін көпшілікке таныту. Биылғы жеңімпаздар арасында көпбалалы және бала асырап алған отбасылар, еңбек пен өнер дәстүрін бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан әулеттер бар. Сонымен қатар туған өлкесінің дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын отбасылар да марапатқа ие болды.


Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған 20 отбасының әрқайсысына естелік мүсінше және 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оның негізгі міндеттері – адамгершілік құндылықтарды нығайту, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін көрсету, өнегелі отбасылардың тәжірибесін насихаттау және отбасылық дәстүрлерге құрмет қалыптастыру.
Байқау өткізілген уақыттан бері оған Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
Келесі материал: Бір тағдыр, ортақ даму: Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянның Тәжікстанға сапары сәтті аяқталды
