9–10 қараша күндері Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында ЮНЕСКО-ның «Көшпелі өркениеттер тарихы» атты көптомдық басылымын әзірлеуге арналған халықаралық сарапшылар кездесуі өтеді деп хабарлайды SteppeNews.kz montsame.mn ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Екі күндік жиында жобаның тұжырымдамасы, тақырыптық ауқымы, құрылымы, мазмұны мен зерттеу әдістемесі талқыланады. Кездесудің екінші күні басылымның «Орталық және Ішкі Азия» деп аталатын бірінші томына ерекше назар аударылады.
Жобаның мақсаты – көшпелі өркениеттер тарихын дүниежүзілік тарихтың ажырамас бөлігі ретінде зерттеу, Моңғолияның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту және адамзаттың ортақ мұрасын келешек ұрпақ үшін сақтау.
Іс-шараның Шыңғыс ханның туғанына 864 жыл толуына және Моңғолияның ұлттық мерекесі – Ұлттық мақтаныш күніне орай өткізілуі де ерекше мәнге ие. Жоба Моңғолия президентінің жарлығына сәйкес жүзеге асырылып жатқан тарихи зерттеулерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатпен де тығыз байланысты.
Кездесуді Моңғолия үкіметі, Сыртқы істер министрлігі, Моңғолияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Көшпелі өркениеттерді зерттеу халықаралық институты және Шыңғыс хан ұлттық музейі ұйымдастырады.
Келесі материал: Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының 20 жеңімпазы марапатталды
