Қазақстанда отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға бағытталған сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың аясында 494 атаудағы дәрілік препарат өндірісін жолға қою көзделген. Жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 391,3 млрд теңгені құрайды, деп жазады SteppeNews.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Үкімет отырысында мәлімдеуінше, бастамалар 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орындары кезең-кезеңімен іске қосылады. Атап айтқанда, 2027–2030 жылдары 300 атаудағы дәрілік зат өндіру жоспарланса, 2031–2034 жылдары тағы 194 препараттың өндірісі жолға қойылады.
Министр отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды.
«Өз фармацевтикалық өндірісімізді дамыту – ең алдымен, елдің дәрілік қауіпсіздігі мәселесі. Қазақстан қажетті препараттар өндірісін жүйелі түрде кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуы маңызды», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібі соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық дәрілік заттар өндірісінің көлемі 37%-ға артып, 191 млрд теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 157,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға көп.
Сонымен қатар соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 3,3 есе, ал экспорт көрсеткіші 1,9 есе өскен.
Қазір Қазақстанда сатылатын дәрілік заттардың жалпы қаптама көлеміндегі отандық өндірушілердің үлесі 42%-ды құрайды. Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларында қазақстандық өнімнің үлесі 79%-ға жеткен.
Фармацевтика саласындағы өндірісті одан әрі ынталандыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау тәжірибесін кеңейтіп, жергілікті өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырмақ.
Жоспарланған сегіз инвестициялық жобаның іске асуы Қазақстанда өндірілетін дәрілік препараттардың түрін көбейтіп, фармацевтика өнеркәсібінің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Келесі материал: Өрт сөндіру техникасына арналған екі кіреберіс: жаңа талаптар Қазақстандағы тұрғын үй кешендерін қалай өзгертеді?
