Алматыдағы №166 балабақшада бүлдіршіндер салған суреттер жасанды интеллект көмегімен 3D-голограммаға айналды. Қағазға салынған балықтар, дельфиндер мен тасбақалар цифрлық кеңістікте қозғалысқа еніп, балаларға суасты әлемін тамашалауға мүмкіндік берді. Ерекше тәжірибе интерактивті семинар аясында көрсетілді.

«Суастындағы суреттер әлемі» атты шеберлік сабағында балалар теңіз жануарларының суретін салып, түрлі түске бояды. Кейін олардың жұмыстары арнайы цифрлық құралдардың көмегімен қозғалыстағы 3D-бейнелерге айналды. Бүлдіршіндер өздері салған кейіпкерлерін экраннан көріп, ерекше қуанышқа бөленді.
Бұл тәсіл балалардың шығармашылық жұмыстарын жаңа форматта танып, өз қиялындағы бейнелердің виртуалды кеңістікте қалай көрінетінін көруге жол ашады.

«Бала өзі салған суретінің қозғалғанын көргенде, ерекше қуанады. Біз үшін маңыздысы — сол қызығушылықты баланың ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамытуға бағыттау. Жасанды интеллект осыған жаңа мүмкіндік беріп отыр. Балалар жаңа технологияның қызығын көрумен шектелмей, өздері де жаңалық ашуға талпынып, қиялындағы тың идеяларын өмірге әкелгенін қалаймыз.», — деді №166 балабақшаның меңгерушісі Альмира Атханова.
Әлемдік тәжірибе және тәрбиешілерге арналған цифрлық құралдар
Жасанды интеллектіні мектепке дейінгі білім беру жүйесінде қолдану мүмкіндіктері әлемнің бірнеше елінде қарастырылып келеді. Мәселен, Сингапурда роботтар балаларға эмоцияларды тануды үйретуге арналған сабақтарға қатысады. Қытайда ойын арқылы оқытудың жаңа тәсілдері енгізілсе, Финляндияда балалардың сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесетін роботтар әзірленуде.

Алматыдағы семинар барысында тәрбиешілерге күнделікті педагогикалық жұмыста пайдалануға болатын цифрлық құралдар да таныстырылды. Олардың көмегімен сабаққа қажетті көрнекіліктер, дидактикалық ойындар, дамытушы тапсырмалар мен балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу материалдарын дайындауға болады.
Мұндай технологиялар педагогтердің сабаққа әзірлік уақытын үнемдеп, балалармен тікелей жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық жаңғыру мен технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам қалыптастыруды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындады.
Алматыда өткен семинар цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу жұмыстары мектепке дейінгі ұйымдарда да қолға алынып жатқанын көрсетті.

«Бүгінде білім беру саласында жоғары нәтижеге қол жеткізумен қатар, жаңашылдыққа ұмтылу, іздену және тәжірибе алмасу да маңызды. Балабақшалардың өздері бастама көтеріп, әріптестеріне үлгі болатын жұмыстар атқарып жатқаны қуантады. Мұндай тәжірибелердің кеңінен таралуы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді», — деді Алматы қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллект педагогтің орнын алмастыру үшін емес, оның жұмысын жеңілдету мақсатында қолданылуы керек. Бұл ретте балалардың жас ерекшеліктері мен оқу-тәрбие процесінің талаптарын ескеру маңызды.

«Технология тәрбиешіге қызмет етуі керек, керісінше емес. Жасанды интеллект сабаққа қажетті материалдарды тезірек дайындауға, оқу процесін түрлендіруге және балалардың жеке ерекшеліктерін ескеруге көмектеседі. Алайда кез келген жаңалықтың тиімділігі оны қаншалықты орынды қолдануға байланысты. Сондықтан жаңа құралдарды тәжірибеде сыналған педагогикалық әдістермен ұштастыруға мән береміз», — деді Альмира Атханова.
Шеберлік сабағының ең қызықты сәті балалардың өз суреттерін қозғалыста көрген кезі болды. Бірі экраннан өзі салған сегізаяқты іздесе, енді бірі дельфиндер мен тасбақалардың қимылын қызыға тамашалады. Бұл тәжірибе цифрлық технологияларды балалардың шығармашылығын дамытуға және олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға пайдалануға болатынын көрсетті.
Келесі материал: Oi-Qaragai ТМД елдеріндегі үздік тау курорты атанды
