Алатау қаласында өңірдің визуалды әрі іскерлік келбетін қалыптастыратын алғашқы зәулім ғимарат — Iconic Complex көпфункционалды кешенінің іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Айтулы іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты, деп жазады SteppeNews.kz.
Жаңа кешен Алатау қаласының халықаралық іскерлік орталығының негізгі нысандарының бірі болмақ. Жалпы инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын ауқымды жоба аясында биіктігі 272 және 78 метр болатын екі заманауи мұнара бой көтереді. Кешен аумағында заманауи кеңселер, тұрғын үйлер, қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық демалыс кеңістіктері орын тебеді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Алатау қаласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен қалада инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған арнайы құқықтық режим кезең-кезеңімен енгізілуде.
Инвестициялық динамика мен инфрақұрылымды дамыту
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан жүйелі шаралар инвестициялық белсенділіктің артуына тікелей ықпал етуде. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Алатау қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 70,3 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта шаһардың инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларына тең 67 жоба бар. Бұл бастамаларды толық жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Инвестициялық жобалармен қатар қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Бүгінде үкімет резервінен 35,3 млрд теңге бөлінген 28 инфрақұрылымдық жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Көкпа-1» қосалқы стансасы қайта жаңғыртылып, сумен жабдықтау нысандары салынуда, сондай-ақ автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Бұл шаралар жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және құрылыс жұмыстарын үздіксіз жүргізуге берік негіз қалайды.

Сапа, сейсмикалық қауіпсіздік және халықаралық сараптама
Вице-премьер Iconic Complex кешенінің құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударды. Ол белгіленген мерзімдерді, сейсмикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігі талаптарын қатаң сақтап, сондай-ақ қазақстандық компаниялар мен мамандарды тарту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар арнайы құқықтық режим аясында халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жобалау құжаттамасына тәуелсіз техникалық сараптама жүргізу тетігі енгізілді. Бұл күрделі құрылыс жобаларын бағалау кезінде озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді.

«Iconic Complex жобалау мен құрылыс сапасының жаңа стандартын қалыптастырып, Алатаудың заманауи қала ретінде дамуына үлес қосады деп сенеміз. Жоба белгіленген мерзімде, сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс», — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кету керек, Iconic Complex жобасының бас мердігері болып әлемдік құрылыс гиганты China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) таңдалды. Ал кешеннің архитектуралық тұжырымдамасын америкалық танымал Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірлеген. Ауқымды құрылыс жұмыстарын 2029 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Келесі материал: Жапонияда V Азия Пара ойындары аяқталды: Қазақстан қоржынында 50 медаль бар
