Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің картография саласындағы мекеме басшыларының үшінші кездесуі өтті. Жиында ортақ картографиялық база құру, географиялық атаулардың бірыңғай каталогын әзірлеу және кеңістіктік деректер саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесуге ұйымға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекемелерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев қатысты. Қатысушылар өз мекемелерінің жұмыс нәтижелерін таныстырып, геодезия, картография және геоақпараттық технологияларды дамыту бағыттарын талқылады.
Жиында ТМҰ-ның Картография жөніндегі жұмыс тобының қызметі қаралып, оның техникалық және сараптамалық деңгейлердегі жұмысын жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Негізгі міндеттердің бірі – ұйымға мүше мемлекеттердің географиялық атауларын қамтитын бірыңғай каталог қалыптастыру
Тараптар жалпы түркі картографиялық базалық картасының жобасына да назар аударды. Қатысушылар жұмыс тобы әзірлеген жобаны пысықтап, келесі отырыста қарауға ұсынуға келісті. Ортақ картографиялық негіз түркі мемлекеттерінің аумақтары туралы кеңістіктік ақпаратты біріздендіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елдер геодезия, қашықтан зондтау, картография және кеңістіктік деректер салаларындағы цифрлық шешімдер мен тәжірибе алмасуды жандандыруға ниетті. Бұл бағыттағы ынтымақтастық бірлескен жобаларды әзірлеуге және қолданыстағы технологияларды тиімді пайдалануға бағытталған.

Кездесу барысында ТМҰ Хатшылығы құрылымында Картография жөніндегі жұмыс тобының қызметін үйлестіретін мамандандырылған бөлімше құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл бастама ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы жұмысты жүйелеуге бағытталған.
Жиын қорытындысы бойынша картография саласындағы мекеме басшыларының үшінші кездесуінің декларациясына қол қойылды. Құжатта ынтымақтастықты жалғастыру, технологиялармен алмасу және ортақ бастамаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар бекітілді.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының келесі кездесуі 2027 жылы Қырғыз Республикасында өтеді.
Келесі материал: «Мектеп» баспасының кітаптары Франкфурт жәрмеңкесінде таныстырылды
