Алматы облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың спортқа қатысуын қолдауға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті. Жарысқа өңірдің әр ауданынан 60 бала қатысып, бірнеше спорт түрінен бақ сынады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іс-шараны ұйымдастыруға «Әділет» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қолдау көрсетті. Қатысушылардың 20-сы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.

Фестиваль аясында балалар бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старт» сайыстарына қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – спорт арқылы балалардың өзара қарым-қатынасын нығайту, командалық рухты қалыптастыру және әр баланың қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру.
«Бүгін облыстың әр ауданынан балалар жиналып, бірнеше спорт түрі бойынша бақ сынады. Мұндай фестивальдер спортқа қызығушылықты арттырып қана қоймай, балалардың бір-бірімен араласуына, командалық рух пен достықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әр қатысушы жарыстан жақсы әсер мен жаңа тәжірибе алып қайтса дейміз», – деді «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Аслан Кубентаев.
Фестиваль қорытындысы
Командалық есепте Іле ауданының өкілдері бірінші орын алды. Талғар ауданы екінші орынға ие болса, Қарасай ауданы мен Қонаев қаласының командалары үшінші орынға тұрақтады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік нәтиже көрсеткен 20 қатысушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Инклюзиялық спорт фестивалі балалардың спорттық әлеуетін ашуға, бір-бірімен араласуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауға бағытталған.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін!» сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Бағдарламада олардың білім алуына, еңбек етуіне, еркін жүріп-тұруына және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауға басымдық берілген.
Келесі материал: Қазақстанда әлеуметтік төлемдер жүйесі қалай өзгеруі мүмкін?

