Жапония туралы сөз болғанда көпшіліктің ойына Токио, сакура, кимоно немесе самурайлар келеді. Бірақ жапон мәдениеті бұл бейнелермен ғана шектелмейді. Оның дәстүрлі өнерімен қатар, заманауи музыкасы, жекпе-жек өнері, тілі мен қолөнері де елдің мәдени болмысын қалыптастырады. 3 қазанда Алматыдағы Нархоз университетінде өткен 19 — шы Жапония мәдениеті күні осы ерекшеліктердің бірқатарын көпшілікке ұсынды,деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Шара барысында жапон мәдениетінің дәстүрлі және заманауи бағыттары таныстырылып, қонақтарға ұлттық өнерді жақынырақ тануға мүмкіндік берілді. Ресми бөлімде екі ел арасындағы байланыс пен мәдени ынтымақтастық туралы айтылса, концерттік бағдарламада сямисэннің үні естіліп, жапон әндері мен дәстүрлі билері орындалды. Ал шараның екінші бөлігінде қонақтар өздері де мәдениеттің бір бөлігіне айналды: оригами жасап, икебана өнерімен танысып, жапон шахматын ойнап, айкидо шеберлерінің өнерін тамашалады.
Жапония мәдениетінің Қазақстанда танымал болуы жаңалық емес. Бірақ мұндай шаралардың ерекшелігі — мәдениетті кітаптан немесе экраннан көру емес, оны тікелей сезінуге мүмкіндік беруінде.
Жапонияға бір күнге саяхат

Нархоз университетіндегі шараны Жапония елшілігі, Нархоз университеті және Қазақстан–Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы бірлесіп ұйымдастырған.
Шараның ресми ашылуында Нархоз университетінің вице-президенті Жанар Арғынбаева сөз сөйледі.
Университет өкілінің айтуынша, Қазақстан мен Жапония арасындағы гуманитарлық және білім беру байланыстарын дамытуда Қазақстан–Жапония орталығының орны ерекше. Ол 2002 жылы Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің қолдауымен құрылған. Содан бері орталықта жүздеген адам жапон тілін үйреніп, мәдениет пен білім саласындағы түрлі жобаларға қатысқан. Жапон тілін үйренуге арналған Жапония қорының курстарына шамамен 12 мың адам қатысқан.
Бұл байланыс тек тіл үйретумен шектелмейді. Орталық арқылы кәсіпкерлік бағыттағы жобалар да жүзеге асып, жапондардың Kaizen философиясы таныстырылып келеді. Ал мәдениет күні осы байланыстардың көпшілікке көрінетін бір көрінісіне айналды.

Сахнада дәстүрлі жапон аспабы — сямисэннің үні естілді. Одан кейін жапондық city pop жанрындағы ән орындалып, балықшылардың дәстүрлі биі саналатын Soran Bushi көрсетілді.



Яғни бағдарлама Жапонияның тек тарихи немесе дәстүрлі бейнесімен шектелген жоқ. Бір сахнада дәстүрлі өнер мен заманауи мәдениет қатар ұсынылды.
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Ясумаса Иидзима да мәдени шаралардың екі халықтың бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Жапония мәдениеті Қазақстанда бұрыннан танымал, ал жапон тілін үйреніп, елдің тарихына, өнеріне және қазіргі мәдениетіне қызығатын адамдардың қатары бар.
Айкидоның ең басты мақсаты — төбелестен қашу

Шараның екінші бөлігі ресми сахнадан шеберлік сабақтарына көшті. Университет ішіндегі hub орталықта қонақтарға оригами жасау, икебана құрастыру, жапон шахматымен ойнап үйрену сынды шеберлік сабақтары ұсынылды.
Қазақстандық дәстүрлі айкидо қауымдастығы өкілдерінің айкидо мен кэндо жекпе — жек көрсетілімі де көрермен назарын аударды.
Айкидоға қатысатын Айнагүл ханымның айтуынша, бұл жекпе-жек өнерінің ерекшелігі — қарсыластың күшіне қарсы күш қолданудан гөрі, оның қозғалысы мен бағытын пайдалануында.
Оның сөзінше, айкидоның басты қағидаларының бірі — жанжалды ушықтырмай, оны адамдық жолмен шешуге ұмтылу.
Ең бастысы — кез келген төбелестен, қандай да бір жанжалдан адамдық және достық жолмен қашу. Ал төбелес болмай қоймайтын болса, онда тек тойтарыс беру керек. Біз ешқашан бірінші болып шабуылдамаймыз. Айкидо қарсыластың күшін пайдалана отырып әрекет етуге үйретеді. Сондықтан бұл жерде басты мақсат — біреуді жеңу емес, өзіңді қорғау және жағдайды ушықтырмау. Біз әлеммен, табиғатпен үйлесімділікті жақтаймыз. Негізінде айкидоның мәні де осында, — деді ол.

Айнагүлдің өзі айкидоға 45 жасында келген. Оның айтуынша, бұл спортпен айналысуды бастауға жас кедергі емес. Ол айкидо үйірмесінде 87 жастағы атаның да жаттыққанын, оның қара белбеуі болғанын айтты.
Ешқашан, ешқашан кеш емес. Бізде 87 жастағы атамыз болды. Ол айкидомен айналысты, қара белбеуі де болды. Сондықтан айкидоға кез келген жаста келуге болады. Бұл жерде адамның жасы емес, оның ниеті маңызды. Айкидоға келген адам ең алдымен өзімен жұмыс істейді, тәртіпке үйренеді және басқа адаммен қақтығысты қалай болдырмауға болатынын түсінеді, — деді Айнагүл.
Бұл сөздер айкидоның тек спорттық жаттығу емес, белгілі бір өмір салтын қалыптастыратын философия ретінде қабылданатынын көрсетті.

Иероглифке сыйған тілек

Жапонияға тән өнер мен дәстүрлерді жақынырақ таныстыратын бірнеше шеберлік сабағының бірі — жапон иероглифтерін жазу болды.
Шеберлік сабағында қатысушылар денсаулық, береке, бақыт пен әл-ауқатты білдіретін иероглифтердің жазылумен танысты. Таңдалған иероглифтерді арнайы жазғызған қонақтарға Жапония мәдениетінен естелік болсын деген ниетпен табысталды.
Бір ғана таңбаға белгілі бір ұғым мен тілек сыйғызу — жапон жазуының ерекшеліктерінің бірі. Сондықтан иероглифтер қонақтар үшін мәдениет күнінен қалған шағын, бірақ мағыналы естелікке айналды.
Көпшілік, әсіресе, нәзік жандылар жапон халқының дәстүрлі киімі кимононы киіп көру үшін ұзын сонар кезекке тұрды. Бір жерде балалар қағаздан бұйымдар жасап жатса, басқа жерде келушілер икебана өнерімен танысты.



Мәдениет күні осылайша Жапонияның дәстүрін тек тамашалауға емес, оның жекелеген элементтерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Жапония туралы көп білгісі келетін адамдар жиналды

Шараға келгендердің бірі Сауле Сейлхановнаның айтуынша, мәдениет күніне әртүрлі жастағы адамдар жиналған. Оның байқауынша, Жапонияға деген қызығушылық тек жастар арасында емес, аға буын өкілдері арасында да бар.
Бүгінгі өткен бұл мереке өте ерекше әрі ұмытылмас әсер қалдырды. Оған студенттер мен жастардан бастап аға буын өкілдеріне дейін, Жапонияның мәдениеті мен дәстүріне қызығатын әртүрлі жастағы халық жиналды. Әсіресе, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің залдағы көрермендерге орыс тілінде жүрекжарды лебіз білдіріп, құттықтауы бәрімізді риза етті. Арадағы рухани байланысты жақындата түскен мұндай шаралар халықтар арасындағы достықты одан әрі бекемдей түседі, — деді Сәуле Сейлхановна.
Шара барысында Жапонияға екі билет те ойнатылды. Билеттердің бірі зейнет жасындағы әйелге, екіншісі Нархоз университетінің студентіне бұйырған. Осылайша мәдениет күні Жапония туралы ақпарат берумен ғана шектелмей, көрермендердің сол елге барып, оны өз көзімен көруге деген қызығушылығын да арттырды.

Сәуле Сейлхановнаның айтуынша, шараның әртүрлі бағытты бір жерге жинақтауы оның есте қалуына әсер еткен.
Мерекенің бағдарламасы өте бай әрі қызықты ұйымдастырылған: концертік бағдарлама, жапон жауынгерлік өнерінен шеберлік сыныптары және Жапонияға екі билеттің ұтыс ойыны өтті. Бізге естелік ретінде жапон иероглифтерімен «денсаулық», «бақыт», «береке» сияқты ізгі тілектер жазып берілгені көңілімізді одан әрі көтерді. Әрбір қатысушы жасына қарамастан мәдениет пен өнерден үлкен ләззат алып, үйіне ерекше әсермен қайтты, — деді ол.


Елші: Қазақстан мен Жапония арасындағы ұқсастықтар ынтымақтастыққа жол ашады

Мәдениет күнінің аясында Жапонияның Қазақстандағы елшісі Ясумаса Иидзимамен сұхбатта екі ел арасындағы мәдени ұқсастықтар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері сөз болды.
Ясумаса Иидзима Қазақстанда екінші рет дипломатиялық қызмет атқарып жатқанын айтты. Оның бұған дейін де Қазақстанда жұмыс тәжірибесі болған. Елші бұл жолы Қазақстанға қайта келгеннен кейін елдегі даму қарқынына назар аударғанын атап өтті.
Сұхбат барысында ол екі халықтың арасындағы ұқсастықтарды әзілмен де жеткізді.
«Ұқсастық бар, бар! Әрине, сыртқы келбетіміз де бір-бірімізге ұқсайды. Егер қазақтар мен жапондар бірге тұрса, кімнің қазақ, кімнің жапон екенін ешкім ажырата алмайды», — деді елші.
Екі елдің географиялық арақашықтығына қарамастан, мәдениет пен дәстүрге мән беру, үлкенді құрметтеу секілді ортақ құндылықтар Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара қызығушылықтың бір бөлігіне айналған.
Ясумаса Иидзима мәдени байланыстардың бизнес пен өнер секілді басқа салалардағы ынтымақтастыққа да мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз бизнес, мәдениет және өнер салаларында ынтымақтастық жасай аламыз. Мұндай ынтымақтастықты халықаралық деңгейде талай рет көрдім. Бұл жалғасып келеді және, әрине, әрі қарай да дамиды деп сенемін», — деді Ясумаса Иидзима.
Мәдениеттен экономикаға дейін

Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыс мәдени шаралармен ғана шектелмейді. Екі елдің қарым-қатынасы дипломатиялық, экономикалық және гуманитарлық бағыттарды да қамтиды.
Қазақстан мен Жапония дипломатиялық қатынастарды 1992 жылы орнатқан. Ал 2004 жылы Жапония Орталық Азия елдерімен өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Орталық Азия + Жапония» диалогын бастады.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың экономикалық бағыты да біртіндеп кеңейіп келеді. Оның ішінде технология, инфрақұрылым, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы өзара байланыстар бар.
Мәдениет саласында да қызығушылық екіжақты сипат алады. Қазақстандықтардың жапон мәдениетіне деген қызығушылығымен қатар, Жапония тарапы да Қазақстан туралы ақпаратты жапон қоғамына танытуға мән береді.
Екі елді жақындастыратын тағы бір ортақ тарихи тақырып — ядролық қарусыздану. Семей ядролық сынақ полигонының зардабы мен Хиросима және Нагасаки тарихы Қазақстан мен Жапонияның ядролық қарудан азат әлем идеясындағы ұстанымдарын жақындастыратын факторлардың бірі.
Жапонияға қызығушылықтың артуы
Елші Ясумаса Иидзима Қазақстан азаматтарының Жапонияға сапар жасауға деген қызығушылығы өсіп келе жатқанын айттты.
Жапонияға алғаш баратын туристерге елші Император сарайына баруды ұсынды. Оның айтуынша, Жапония императорлық әулеті әлемдегі ең көне әулеттердің бірі саналады және оның тарихы шамамен бір жарым мың жылды қамтиды.
Ал Қазақстан мен Жапония арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы бұл қызығушылықты одан әрі практикалық деңгейге шығарды. Мәдениет күні барысында ойнатылған екі билет те Алматы–Токио бағыты бойынша тікелей рейске қатысты болды.
Келесі жылы — 20-шы рет
Келесі жылы шара 20-шы рет ұйымдастырылады. Бұл — қалыптасқан дәстүрдің тағы бір кезеңі әрі екі ел арасындағы мәдени байланыстың жалғасына арналған жаңа мүмкіндік.




Қазтай Айгерім Бейбітқызы
