Спорттық гимнастикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы Ли Нин Алматыдағы №9 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасы хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz Алматы қалвсы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу мектептің жаттығу залында өтті. Жас гимнасшылар қонаққа арнайы көрсетілім ұсынып, спорттық гимнастиканың түрлі элементтерін орындады. Ли Нин спортшылардың дайындығын көріп, жаттығу барысымен танысты.
Олимпиада чемпионы жас спортшыларға жаттығуды үзбей жалғастырып, алдарына қойған мақсаттарына табандылықпен ұмтылуға тілектестік білдірді. Кездесу соңында мектеп тәрбиеленушілері Ли Ниннен қолтаңба алды.

Сапар барысында гимнаст бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, спорттағы жолы мен кәсіби мансабына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Ли Нин — Қытайдың танымал спорттық гимнасттарының бірі. Ол 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олимпиада ойындарында алты медаль, оның ішінде үш алтын жүлде жеңіп алды. Осы нәтижесі оны сол Олимпиададағы ең нәтижелі гимнасшылардың қатарына қосты.
Алматыдағы кездесу жас спортшыларға Олимпиада чемпионымен жүздесіп, оның кәсіби тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді.


