2026 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк валюта нарығындағы реформалардың жалғасатыны және валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен ырықтандыру басталатыны туралы хабарлады.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) егжей-тегжейін түсіндірді: 1 қазаннан бастап мерзімі 12 айдан асатын жинақ валюталық салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс теңге бағамына, салымшыларға, банктер мен бизнеске қалай әсер етеді?
Бүгінде барлық депозиттердің небәрі 18–19%-ы доллармен сақталады (2015 жылы бұл көрсеткіш 80%-ға дейін жеткен). Бұл ретте заңды тұлғалардың доллардағы депозиттері 22%-ды, ал жеке тұлғалардың депозиттері 15%-ды құрайды. Бұл халықтың 85%-ы жинағын теңгемен сақтайтынын білдіреді.
Бұған теңгелік депозиттер бойынша рекордтық жоғары мөлшерлемелер, сондай-ақ ұлттық валютаның нығаюы себеп болып отыр. Ұлттық банк валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен ырықтандыру туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берген факторлардың қатарында оң макроэкономикалық ахуалды және жыл бойы байқалған теңгенің нығаю үрдісін атайды.
Шынында да, 2025 жылғы қазанда доллар бағамы 549 теңгеге дейін жетсе, 2026 жылғы қыркүйектің соңында бір доллар шамамен 442 теңге тұрады. Бұл долларлық салымдар бойынша мөлшерлеменің өсуі теңгені әлсіретіп, доллар бағамының көтерілуіне алып келеді дегенді білдіре ме?
Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын, өйткені пайыздық арнадан бөлек, валюта бағамына көптеген басқа факторлар әсер етеді. Мәселен, валюта бағамына мұнай мен басқа да экспорттық тауарлардың бағасы ықпал етеді, ал соңғы уақытта Қазақстан экспортының барлық дерлік негізгі позициялары бойынша баға өсті. Экспорт көлемі де импортқа қарағанда жылдамырақ өсті, яғни валюта ұсынысы оған деген сұраныстан жоғары болды.
Жалпы алғанда, теңгенің айтарлықтай нығаюы ел бюджетіне тиімсіз, өйткені бұл теңгемен есептелген экспорттық түсімнің азаюына және бюджет тапшылығының ұлғаюына алып келеді. Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелердің көтерілуі теориялық тұрғыдан салымдардың теңгеден долларға ауысуына әкеліп, шетел валютасына сұранысты арттыруы және доллар бағамын жоғары итермелеуі мүмкін. Алайда салымшылар шешім қабылдағанда доллар бағамының күтілетін өсуі мен депозиттің шамамен 2%-дық кірістілігі теңгелік салымдардың қазіргі жоғары табыстылығынан асып түсе ме деген есепке сүйенеді.
Банктер үшін шекті мөлшерлемелерді ырықтандыру валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтеру құқығын береді, бірақ бұл міндет емес. Валюталық кредиттерге белсенді сұранысы бар банктер активтері мен міндеттемелерін валюталар бойынша жақсырақ теңгеруге мүмкіндік алады. Банктер үшін валюталық депозиттер валюталық қарыздармен салыстырғанда арзанырақ қаржыландыру көзі болып саналады. Оның үстіне, 2026 жылғы қыркүйекте АҚШ Федералдық резерв жүйесі үш жылда алғаш рет мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтерді, бұл доллармен берілетін қарыздардың қымбаттауын білдіреді. Сондықтан валюталық активтерге сұранысқа қарай кейбір банктер ұзақ мерзімді депозиттер бойынша мөлшерлемені жылдық 2,5%-ға дейін көтеруі мүмкін.
Компаниялар үшін өзгеріс күтілмейді, өйткені ҚДКБҚ ақпаратына сәйкес, ырықтандыру жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерге қатысты. Жалпы алғанда, заңды тұлғаларға қатысты валюталық реттеу айтарлықтай қатаң. Мәселен, компаниялар депозитке орналастыру үшін шетел валютасының ірі көлемін еркін сатып ала алмайды. 50 мың доллардан асатын валюта импорттық шарттар бойынша валюталық міндеттемелерді орындау үшін ғана сатып алынады және осы мақсаттарға 10 күн ішінде пайдаланылуы тиіс. Шоттарда мерзімсіз тек экспорттық келісімшарттар бойынша түскен валюталық түсімді сақтауға болады. Сондықтан заңды тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер көтерілген күннің өзінде корпоративтік секторда теңгеден долларға айтарлықтай ауысу күтілмейді.
Қарапайым қазақстандықтар жинағын қай валютада сақтау керектігін ақшаны болашақта қай валютада жұмсайтынын ескере отырып шешкені жөн. Егер шетел валютасымен шығындар жоспарланса, мысалы, шетелде демалу немесе оқу ақысын төлеу қажет болса, қаражатты валюталық депозитте сақтау орынды. Ал қаржылық қауіпсіздік қорын кез келген уақытта қажет болуы мүмкін болғандықтан, қаражатты шешіп алу мүмкіндігі бар икемді теңгелік депозитте сақтаған дұрыс.
Ұзақ мерзімді жинақты әртүрлі валюталарға бөліп ұстауға болады. Бұл ретте инвестициялау мерзімі ұзарған сайын шетел валютасындағы құралдардың үлесі жоғары болуы мүмкін. Сондай-ақ бағалы қағаздар мен басқа да валюталық құралдар валюталық депозиттерге қарағанда, олардың мөлшерлемесі көтерілгеннің өзінде, жоғары кірістілік әкелуі мүмкін екенін ескерген жөн.
Автор: Айгерім Ильясова, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты
Келесі материал: Дүниежүзілік жүрек күні: артық салмақтың қаупі
