Дүниежүзілік жүрек күні 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен құрылып, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және басқа да ұйымдар қолдаған. Алғашқы жылдары бұл күн қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтсе, 2011 жылдан бастап 29 қыркүйекке белгіленді.
Жүрек денсаулығы туралы сөз болғанда, көпшілік темекі шегу, күйзеліс пен қоршаған ортаның қолайсыздығын қауіп факторлары ретінде атайды. Алайда кардиологтар артық салмақты жүрекке әсер ететін елеулі әрі жиі бағаланбайтын факторлардың бірі ретінде қарастырады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Novo Nordisk компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғамда артық салмақ көбіне адамның сыртқы келбетіне қатысты мәселе ретінде қабылданады. Алайда ағзадағы шамадан тыс май тіні жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Соның салдарынан қан қысымы, липид алмасуы, қан тамырлары мен жүрек бұлшықетінің құрылымы өзгеруі мүмкін.
Еуропалық кардиология қоғамы (ESC) артық салмақтың басқа факторларға қарамастан жүрек пен қан тамырларына кері әсер етуі мүмкін екеніне назар аударып келеді. Бұл қауіп тек семіздік диагнозы қойылған адамдарға ғана қатысты емес. Дене салмағының артуы басталған кездің өзінде тәуекел жоғарылай түседі.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстанда артық салмақ жүрек-қан тамырлары патологияларының таралуына әсер ететін факторлардың біріне айналып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген STEPS 2024 зерттеуінің мәліметінше, елдегі ересек тұрғындардың 58 пайызында артық салмақ бар, ал 22,4 пайызында клиникалық семіздік анықталған.
Мұның салдары жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемеден де көрінеді. Қазіргі таңда қан айналымы жүйесі ауруларымен диспансерлік бақылауда шамамен 1,9 млн қазақстандық бар.
2025 жылы артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған скрининг барысында 1,7 млн адам тексерілген. Оның нәтижесінде 114 мыңнан астам адамнан аурудың бастапқы кезеңіндегі патологиялар анықталса, 15 мың адамға жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған.
Кардиологтар да мәселенің ауқымына назар аударып отыр.
«ДДСҰ мәліметінше, дене салмағы индексінің жоғары болуы жыл сайын жұқпалы емес аурулардан болатын 3,7 млн өлімге себеп болады. Олардың ішінде жүрек аурулары бірінші орында тұр. Менің медициналық тәжірибемде қан айналымы жүйесі ауруларына байланысты жүгінетін әрбір екінші пациентте артық салмақ пен семіздік клиникалық диагноз ретінде кездеседі», – дейді жоғары санатты дәрігер-кардиолог, Еуропалық және Қазақстандық атеросклероз қауымдастықтарының мүшесі Айжан Оразаева.
Фото: жасанды интеллект көмегімен жасалған
Қазақстанның ірі қалаларынан тыс өңірлердегі жағдай да алаңдатарлық. Қазақстанның атеросклероз қауымдастығының пилоттық жобасы аясында дәрігерлер елдің оңтүстік өңірлеріндегі тұрғындарды тексерген.
Зерттеу нәтижесінде тексерілгендердің 1 пайызы ғана сау болған. Қалған 99 пайызынан семіздік, диабет немесе инсулинге төзімділік, яғни жүрек пен қан тамырлары ауруларының жоғары қаупіне әсер ететін негізгі факторлар анықталған.
«Тамыз айында Мюнхенде European Society of Cardiology ұйымдастырған ESC Congress 2026 конгресі өтті. Онда халықаралық ұсынымдарға өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда семіздік жүрек жеткіліксіздігінің дамуындағы маңызды қауіп факторларының бірі екенін түсінеміз. Жүрек жеткіліксіздігінің сақталған лақтыру фракциясымен жүретін түрі (HFpEF) барлық жағдайдың шамамен жартысын құрайды. Лақтыру фракциясы сақталғанына қарамастан, бұл пациенттердің болжамы күрделі болып қала береді: өлімнің едәуір бөлігі жүрек-қан тамырлары себептерімен байланысты, ал кенеттен болатын өлім осы топтағы негізгі өлім себептерінің бірі», – деп атап өтті Айжан Оразаева.
Бұл көрсеткіштер семіздіктің жеке адамның мәселесі ғана емес, денсаулық сақтау жүйесіне және экономикаға түсетін жүктемеге де әсер ететін фактор екенін көрсетеді.
World Obesity Federation (WOF) мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Қазақстандағы артық салмақтың тікелей және жанама экономикалық шығыны 3,49 млрд долларға бағаланған. Бұл бір адамға шаққанда 188 доллар немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 1,9 пайызына тең.
Шығындардың 91,7 пайызын еңбек өнімділігінің төмендеуі, мүгедектік және мезгілсіз өлім сияқты жанама шығындар құраған.
WOF сарапшылары алдын алу мен емдеуге қатысты жүйелі тәсілдер өзгермесе, 2060 жылға қарай Қазақстандағы экономикалық шығын 28,7 млрд долларға дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Бұл бір адамға 1137 доллар немесе ЖІӨ-нің 2,9 пайызына тең.

Май тіні жүрек жұмысына қалай әсер етеді?
Шамадан тыс май тіні, әсіресе іш қуысы мүшелерінің айналасында жиналатын висцералды май жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіреді.
Біріншіден, айналымдағы қан көлемі ұлғайып, жүрекке тұрақты түрде жоғары жүктемемен жұмыс істеуге тура келеді. Уақыт өте бұл оның құрылымын өзгертіп, жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ағза қалыпты түрде босаңсып, қанмен тола алмайды.
Екіншіден, семіздік жүрек ырғағының қауіпті бұзылыстарына себеп болуы ықтимал.
Үшіншіден, висцералды май қан тамырларының қабырғаларын зақымдайтын қабынуға ықпал ететін факторларды бөліп шығарады. Олар «жаман» холестеринмен бірге атеросклероздың дамуын жеделдетуі мүмкін.
Бір ірі проспективті зерттеуде дене салмағының 1 келіге артуы систолалық қан қысымының шамамен 0,45 мм сын. бағ., ал диастолалық қысымның 0,32 мм сын. бағ. жоғарылауымен байланысты болған.
Дене салмағының индексі (ДСИ) әлемде бастапқы скрининг үшін кеңінен қолданылады. Алайда бұл көрсеткіш майдың дененің қай бөлігіне жиналғанын көрсете алмайды. Сондықтан дәрігерлер бел шеңберін де өлшеп, оны адамның бойымен салыстырады.
Инфаркт пен инсульт тек ауыр дәрежедегі семіздігі бар адамдарға ғана қауіп төндіреді деп ойлау дұрыс емес.
«Бұл – жүрек жеткіліксіздігінің екінші сатысы. Мұндай кезде емдеудің агрессивті тәсілдерін қолдануға мәжбүр боламыз және салмақ мәселесіне қатаңырақ назар аударамыз. Алайда салмақты түзетуді артық килограмм жинала бастаған кезеңнен қолға алу қажет», – деді Айжан Оразаева.
Заманауи терапия салмақты азайтуға қалай көмектеседі?
Дене салмағын 5-10 пайызға азайтудың өзі қан қысымын және липидтік профильді жақсартуға, ағзадағы қабыну деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Тамақтану тәртібін өзгертіп, физикалық белсенділікті арттыру маңызды.
Сонымен бірге семіздік созылмалы ауру ретінде қарастырылады және оны емдеу тәсілдері де өзгеріп келеді.
The New England Journal of Medicine (NEJM) журналында жарияланған SELECT халықаралық зерттеуінде диабеті жоқ, бірақ артық салмағы немесе семіздігі және жүрек-қан тамырлары аурулары бар 17 604 пациентке семаглутидті аптасына бір рет қолданудың нәтижелері көрсетілген.
Зерттеу барысында заманауи терапия қабылдаған топта инфаркт, инсульт және осы себептерден болатын өлім жағдайлары плацебо қабылдаған топпен салыстырғанда 20 пайызға аз болған.
«Семіздікті емдеу енді тек тәбетті бақылау мен физикалық белсенділік шеңберінен шықты. Біз фармакотерапияны да қолданамыз. Оның тиімділігі мен дәлелділігі 2020-2026 жылдардағы еуропалық ұсынымдарға енгізілген. Семіздік пен жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге екі препарат қолданылады, олардың бірі – семаглутид», – деді Айжан Оразаева.
Денсаулық жағдайын, соның ішінде дене салмағын уақытылы бақылау – әр адамның өз жауапкершілігі. Дене салмағы индексін арнайы сайт арқылы анықтап, оның қалыпты, артық салмақ немесе семіздік деңгейіне жататынын білуге болады.
Келесі материал: «Жылдың 10 оқырманы»: жеңімпаздарға 10 млн теңгеден беріледі
