Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен және теннистен «әлемнің бірінші ракеткасы» мәртебесіне ие болуымен құттықтады. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Президент бұл жетістіктің отандық спорттың дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның корттағы және көпшілік арасындағы байыптылығына тоқталды.
– Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Елена Рыбакина Мемлекет басшысына тұрақты қолдауы және Қазақстанда үлкен теннистің дамуына көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын айтты. Теннисші алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістерімен қуантуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Келесі материал: Цинь Шихуанның Терракота әскерін заманауи технологиялар арқылы сақтап қалу жұмыстары жүргізілуде
