Алматыда болашақта роботаксиді сынақтан өткізуге қажетті деректер жинала бастады. Арнайы жабдықталған Yandex Qazaqstan автокөліктері қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасау үшін жол инфрақұрылымы туралы ақпарат жинап жатыр. Бұл туралы SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Көліктер қозғалыс барысында жол таңбаларын, бағдаршамдарды, жол белгілерін, қиылыстарды және инфрақұрылымның басқа да элементтерін тіркейді. Бұл үшін камералар, лидарлар мен өзге де сенсорлар қолданылады. Жиналған деректер негізінде Алматы көшелерінің егжей-тегжейлі цифрлық моделі жасалады.

«Біз үшін жасанды интеллекттің қалыптасқан салалар мен күнделікті өмірді өзгертетін нақты жұмыс істейтін технологияға айналуы маңызды. Автономды көлік — осындай өзгерістің ең айқын мысалдарының бірі. Біз автономды автокөліктерді нақты қалалық ортада сынақтан өткізу үшін қажетті нормативтік жағдайларды жасап қойдық. Келесі қадам — қажетті технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру. Алматының жоғары дәлдіктегі картасын жасау — осы жұмыстың бір бөлігі.
Біз жаңа технологиялардың Қазақстанда дамуына мүмкіндік бере отырып, оларды енгізудің басты шарты — адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Сондықтан автономды көлік кезең-кезеңімен, сынақтан өткізу, нақты жағдайларды талдау және реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы енгізіледі», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жоғары дәлдіктегі карта автономды автокөлікке өзінің қай жерде тұрғанын және жолдың нақты бір бөлігінің қалай ұйымдастырылғанын түсінуге көмектеседі. Қозғалыс кезінде жүйе айналадағы жағдайды нақты уақыт режимінде қосымша талдайды.
«Алматы — күрделі әрі алуан түрлі көлік инфрақұрылымы бар еліміздегі ең ірі мегаполис. Қала үшін жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеп, оларды қауіпсіз енгізуге жағдай жасау маңызды. Автокөліктердің картографиялау жұмыстарына шығуы қалалық ортаның ерекшеліктерін бағалауға және жобаның келесі кезеңдеріне қажетті технологиялық негізді дайындауға мүмкіндік береді», — деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Сәбит Нұрқанат.
Қазіргі кезеңде автокөліктер тек қаланың жол желісі туралы деректер жинап жатыр. Олар әзірге жолаушыларды автономды режимде тасымалдамайды.
Келесі материал: Цифрлық сауда мен жасанды интеллект Қытай-Африка ынтымақтастығына жаңа серпін берді
