2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысы аумағында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болып, әскери қызметшілер қаза тапты. Қаза тапқандардың қатарында Маңғыстау облысындағы «Жас Батыр» спорт мектебінің тәрбиеленушісі, 20 жастағы Сержан Аяпберген Талғатұлы да болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Сержан бала кезінен спортпен айналысып, самбо мен дзюдодан республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан. Ол спортта бірнеше жүлдеге ие болып, Маңғыстау облысының намысын түрлі деңгейдегі бәсекелерде қорғаған.

Спорт мектебінің мәліметінше, Сержан самбодан кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ студенттер арасындағы ТМД ойындарында күміс медаль жеңіп алған.
2018 жылы Бішкекте өткен самбодан халықаралық турнирде 35 келіге дейінгі салмақта жүлдеге ие болды. Жарысқа төрт елден 300-ден астам спортшы қатысқан.
Сержан дзюдодан да республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз және жүлдегер атанған. Ол самбо мен дзюдодан спорт шеберіне үміткер болған.

Спорттағы жолын балалар секцияларынан бастаған жас спортшы кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскери қызметке аттанған. Ол мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген кезде Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің қатарында болды.
Сержан Аяпберген Талғатұлы 2006 жылғы 18 ақпанда дүниеге келген. 2026 жылғы 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапты.
2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Келесі материал: Каспийдегі әскери оқу-жаттығу: бес жоғары лауазымды офицер ұсталды
