24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізінде әскери қызметшілер арасында қайғылы жағдай болды. Оқиға кезінде 14 сарбаз қаза тауып, 3 еуі аман қалған. Олардың бірі Ақжол Темірәлиев ауруханаға жеткізілді. Бір күннен кейін оның жағдайы тұрақталғаны белгілі болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жаттығу өткізу кезінде әскери қызметшілер қиын жағдайға тап болды. Оқиғадан кейін іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Ақжол Темірәлиев облыстық ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық тексеруден өтті. Дәрігерлер оны бақылауға алды.
25 қыркүйекте Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы әскери қызметшінің есін жиып, жағдайы тұрақталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Әскери қызметші терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр және медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында», — деді Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ақжол судан өзі шығып, досын іздеген
Оқиғадан кейін Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев ауруханада жатқан әскери қызметшінің ата-анасымен сөйлесіп, видео жариялады.
Блогердің жазуынша, Ақжол Темірәлиев өз күшімен су бетіне шығып, жағаға жеткен. Алайда ол қауіпсіз жерге шыққаннан кейін де досын іздеуді жалғастырған.
Сарбаздың әкесінің айтуынша, ұлы суға кеткен досын шамамен жарты сағат бойы іздеген.
«Өзінің күшімен жүзіп шықтым, дейді ана жерден. Жағаға дейін жүзіп шығып, сосын қасында жаңағы бірге кеткен өзінің досы Азаматты, “досымды іздедім бірінші” дейді. Өзінің әңгімесіне қарағанда, суда жарты сағаттай іздеген», — деді әскери қызметшінің әкесі.
Әкесінің сөзінше, Ақжол досын іздеу кезінде басы айналып, іздеуді тоқтатуға тура келген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Азаматты отбасы тоғыз күннен кейін той жасап қарсы алмақ болған

Каспийдегі қайғылы оқиғада қаза болған Мадихан Азамат Болатбекұлының отбасы оның әскерден оралуын асыға күткен.
Отбасы сарбаздың үйге оралуына тоғыз күн қалғанын айтып, алдын ала үлкен той ұйымдастыруды жоспарлаған. Ағайын-туысқа шақыру жіберіліп, Азаматтың Отан алдындағы борышын өтеп, аман-есен елге оралатыны жазылған.
Бұл күн отбасы үшін көптен күткен қуанышты сәт болуы тиіс еді. Ата-анасы ұлын, бауырлары ағасын әскерден оралады деп күткен.
Алайда Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдай барлық жоспарды өзгертті. Азамат теңізге кеткен әскери қызметшілердің қатарында болды. Енді отбасы асыға күткен қуанышты кездесудің орнына орны толмас қайғымен қалды.
Ақжол досының беретін қолынан шығармаған
Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Ақжол Темірәлиевке қатысты тағы бір ақпарат жарияланды. Оны Аян Өрібай бөліскен.
Жазбада Ақжолдың ауыр жағдайда жатса да, қаза болған досы Мадихан Азамат Болатбекұлының беретін қолынан шығармағаны айтылған. Сонымен қатар, Ақжол беретті марқұмның ата-анасына өзі табыстағысы келетіні жазылған.
«Азамат досымдікі, өзім берем деп қолынан жібермейді. Бейбіт заманда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қаршадай жігіттер бақилық болып кетті. Ажал аяқ асты, бір сәтте…», — деп жазды Аян Өрібай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәліметте Мәдіхан Азамат Болатбекұлы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған мерзімді әскери қызметтегі матростардың қатарында көрсетілген.
Қазір Ақжол Темірәлиев облыстық аурухананың терапия бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр. Ал Каспийдегі қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: 25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні: Каспийдегі қайғылы оқиға
