25 қыркүйек Қазақстанда Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілерді еске алуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Каспий теңізіндегі іздеу-құтқару операциясы аяқталып, қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметшінің қаза болғаны белгілі болды. Үш әскери қызметші аман қалған, деп хабарлайды StepppeNews.kz.
Қайғылы оқиға қалай болған еді?
Оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болған. Ауа райының күрт әрі күтпеген жерден нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оқиғадан кейін Каспий теңізінің акваториясында ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүргізілген. Жұмыстарды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік еткен Үкіметтік комиссия үйлестірген.
Іздеу жұмыстарына 252 адам, 34 арнайы техника, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі, оның ішінде төрт тікұшақ тартылған.
Іздеу операциясы аяқталды
25 қыркүйекте сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылған. Олар – сержант Мансур Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлы.
Осылайша, қайғылы оқиға салдарынан қаза болған әскери қызметшілердің жалпы саны 14 адамға жеткен. Үш әскери қызметші аман қалған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығы және жеке құрамы қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқан.
Марқұмдардың отбасыларына қажетті жан-жақты көмек, оның ішінде материалдық және психологиялық қолдау көрсетілетіні хабарланған.
Қаза болған әскери қызметшілер
Қаза болған әскери қызметшілердің қатарында:
- Мадихан Азамат Болатбекұлы, 2007 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Төлеген Ақылбек Қабенұлы, 2007 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Бердиханов Мейрамбек Ермұханұлы, 2006 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Аяпберген Сержан Талғатұлы, 2006 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Мұхтарұлы Олжас, 2003 жылы туған, Түркістан облысы;
- Темиргалиев Женис Тілеушеевич, 2005 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы;
- Кобенов Алмас Жусипұлы, 2006 жылы туған, Қарақалпақстан Республикасы;
- Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы, 2007 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы;
- Жаңабай Асет Саматұлы, 2006 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Бегей Дастан Нұрболұлы, 2007 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Диханбаев Олжас Тажибайұлы, 2005 жылы туған, Маңғыстау облысы;
- Гилаж Ақжайық Болатбетұлы, 2006 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы;
- Мансур Гумаров, сержант;
- Мирас Тұрдыбекұлы, матрос.
Қаза болғандардың басым бөлігі Маңғыстау облысының тумалары болған.
Құтқарылған әскери қызметшілердің жағдайы
Оқиға кезінде үш әскери қызметші құтқарылған.
Олардың бірі – Темерхан Ақжол Тимурұлы. Ол Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіліп, ауыр жағдайда ем қабылдаған.
Тағы бір құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы кейін тұрақталған. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы оның терапиялық бөлімде ем қабылдап, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болғанын хабарлаған.
«Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Әскери қызметші терапиялық бөлімде ем қабылдап, медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында», – деген Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бекболат Избасаров.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тергеу жалғасып жатыр
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қылмыстық іс қозғалған. Тергеу әлі де жалғасып жатыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша тергеліп жатыр.
Тергеу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Қажетті сот сараптамалары тағайындалып, тиісті мамандар тартылған.
Тергеу аясында 30-дан астам әскери қызметші жауап берген. Құжаттар мен бейнематериалдар алынған, 12 сараптама тағайындалған.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігін ауа райы жағдайларын ескере отырып қамтамасыз ету, қызметтік бақылау және құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері зерттеліп жатыр.
Тергеу нәтижесінде оқиғаның нақты себептері анықталып, оған қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетілуде

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет тарапынан заңда көзделген әлеуметтік төлемдер мен өтемақылар берілетіні айтылған.
Сонымен бірге қоғам өкілдері мен бизнес өкілдері де марқұмдардың жақындарына қаржылай қолдау көрсетуге ниет білдірген.
«Қазақстан халық кеңесі» мүшелері мен бірқатар ірі бизнес өкілдері отбасыларға жалпы 815 млн теңге көлемінде көмек көрсететіндерін мәлімдеген.
Атап айтқанда, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден беретінін айтқан.
SA Construction Group бас директоры Ғаджи Ғаджиев 100 млн теңге, Karazhal Operating компаниясының негізін қалаушы Жұмабек Жаныкулов 50 млн теңге бөлетінін мәлімдеген.
Бұдан бөлек, тағы бірнеше кәсіпкер мен «Қазақстан халық кеңесінің» мүшелері де қаржылай көмек көрсететіндерін айтқан.
Үкіметтік комиссия қаражаттың ашық әрі мақсатты бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырған. Бұл жұмысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі бақылаған.
Жалпыұлттық аза тұту күні
25 қыркүйек Қазақстанда Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған.
Осы күні ел бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық және мерекелік іс-шаралар тоқтатылған.
Қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза болған. Олардың арасында Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан және Қарақалпақстан Республикасынан шыққан азаматтар болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
SteppeNews.kz редакциясы қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Марқұмдардың отбасыларына сабыр мен күш тілейміз. Қаза болған азаматтардың есімі ел жадында сақталсын.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: Қырғызстан фармацевтикалық логистикаға инвестиция тартуда
