2027 жылғы наурыздан бастап Ташкент пен Нүкіс арасында жүрдек пойызды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы 19 қыркүйекте Нүкісте өткен жиында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді. Жаңа пойыз бағыттағы жол жүру уақытын 16 сағаттан 7 сағатқа дейін қысқартуы тиіс. Бұл туралы SteppeNews.kz gazeta.uz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қарақалпақстанда көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жалғасып жатыр. Бозатау ауданында шипажай, Нүкісте онкология және радиология орталығы, Қоңырат ауданында балалар ауруханасы мен перзентхана пайдалануға берілген.
Әмудария және Төрткүл аудандарында әрқайсысы 2000 орындық амфитеатрлар ашылған. Нүкісте гимнастика орталығы мен консерватория филиалы жұмысын бастаған.
А-380 тасжолын жаңарту
Қоңырат ауданы арқылы өтетін халықаралық А-380 автожолының 240 шақырымдық бөлігіне 384 млн доллар инвестиция салынып, бетон жабынды төселген.
Сонымен қатар Төрткүл, Еллікқала және Беруний аудандарындағы жолдың тағы 92 шақырымында құны 233 млн доллар болатын құрылыс жұмыстары басталған.
Жергілікті биліктің есебінше, жоба аяқталғаннан кейін транзиттік тасымал көлемі 1,5 есеге артады. Ал Төрткүлден Қазақстан шекарасына дейін жүк жеткізу уақыты бір тәуліктен 10 сағатқа дейін қысқарады.
Бұдан бөлек, «Туямуюн» су тазарту нысанын қайта жаңарту және Қоңыраттан Мойнаққа дейін 100 шақырымдық су құбырын салу жоспарланған.
«Зияткерлік экономика үшбұрышы»
Жиында Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстанның жер, минералдық және энергетикалық ресурстарын қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағыттау қажеттігін айтты.
Осы мақсатта «ресурстан дайын өнімге дейін» қағидаты бойынша жаңа өнеркәсіптік және инвестициялық карта әзірленеді. Қоңырат – Қараөзек – Тахиаташ бағытын «жасыл өнеркәсіптік дәліз» және «зияткерлік экономика үшбұрышы» ретінде дамыту жоспарланып отыр.
Жасанды интеллект пен дата-орталықтар жобаларына арналған арнайы аймақта жалпы құны 8 млрд доллар болатын алты жобаны іске асыру жоспарланған.
Жауапты мемлекеттік органдарға бес жылдық бағдарлама әзірлеу және инвесторларды қуаты 1 ГВт тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету тапсырылды.
Алдағы үш жылда Нүкіс, Қоңырат, Қараөзек және Тахиаташ қалалары мен аудандарында жоғары табысты 1500 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Билік бұл кезеңде бұлтты технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы қызметтер экспортының жылдық көлемін 600 млн долларға жеткізуді көздеп отыр.
Келесі материал: «Астана» алаңында Almaty Vibes фестивалі мен 3D Mapping Show өтті
