Американың Discovery Park of America музей-саябағында 2027 жылдың жазында ұлы ханның дәуірі мен моңғол халқының тұрмыс-тіршілігіне арналған ауқымды экспозиция өтеді. Жоба келушілердің әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің бірінің тарихы туралы түсінігін түбегейлі өзгертуге уәде береді. Бұл туралы SteppeNews.kz Asia Russia Daily-ге сілтеме жасап хабарлайды.
XIII ғасыр әлеміне саяхат
Шамамен 4000 шаршы фут аумақты алып жатқан музей кеңістігі ортағасырлық Моңғолияның атмосферасына айналады. «Шыңғыс хан: империядан тыс» деп аталатын көрме 2027 жылғы 15 маусымда көпшілікке ашылып, 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал 14 маусымда қатысушылар мен БАҚ өкілдеріне арналған арнайы алдын ала көрсетілім өтеді.
Discovery Park of America президенті әрі бас директоры Скотт Уильямс:
«Бұл көрме тура мағынасында жаңалық ашуға арналған. Ол қонақтарымызға моңғол мәдениетімен өнер, музыка, дәстүр, заттар мен оқиғалар арқылы танысуға мүмкіндік береді. Келушілер әлемнің өздері аз білуі мүмкін осы бөлігі мен тарихи кезеңін әлдеқайда терең түсініп шығады деп ойлаймын», – деді.
Ауқымды экспозиция үш 53 футтық жүк көлігімен жеткізіледі, ал оны монтаждауға екі аптаға жуық уақыт жұмсалады. Жобаға 300-ден астам түпнұсқа жәдігер, арнайы декорациялар, иммерсивті проекциялар, деректі фильмдер, интерактивті экрандар, рөлдік аймақтар және толық көлемдегі дәстүрлі моңғол киіз үйі кіреді.
Көшпелі мәдениеттің тірі көрінісі және бірегей жәдігерлер
Жобаның ерекшелігі – дәстүрді жеткізушілердің көрмеге тікелей қатысуы. Моңғол өнерпаздары саябақ аумағында тұрып, күн сайын өнер көрсетеді. Келушілер дәстүрлі аспаптардағы музыканы және көмеймен ән айту өнерін тыңдай алады. Сондай-ақ шеберлермен тілдесіп, киім, халық өнері және қазіргі Моңғолияның тұрмысы туралы біле алады.
Экспозиция қонақтарды моңғол даласы мен империя негізін қалаушының ордасынан ежелгі Қарақорымға, Ұлы Жібек жолына және Құбылай ханның сарайына дейін жетелейді.
Жәдігерлердің ауқымды жинағы Еуразияның бірнеше ғасырлық тарихын қамтиды. Оның ішінде қару-жарақ, сауыт-сайман, дулығалар, керамика, діни заттар, ат әбзелдері және тұрмыстық бұйымдар бар. Көрменің басты жәдігерлері қатарында Шыңғыс хан дәуіріне тиесілі, шамамен 1225 жылға жататын қылыш, 1260 жылғы моңғол қылышы, күрделі құрылымды садақ пен XIII–XIV ғасырлар тоғысындағы салт атты жауынгердің сауыты, сондай-ақ 1328 жылғы сирек кездесетін қола атыс қаруы бар.
Экспозицияның авторы әрі Dino Don Inc. президенті – Дон Лезсем. Кураторлары – Смитсон институтының докторы Уильям Фицхью және Колумбия университетінің докторы Моррис Россаби. Жоба Ұлан-Батырдағы Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтастықта дайындалды.
Дон Лезсемнің айтуынша:
«Discovery Park – бұл көрме үшін арнайы жасалған музей. Ол тарихты, мәдениетті, өнерді, технологияларды және бала алғаш рет моңғол жауынгерін көргенде шабыттануы мүмкін, әлем тарихын зерттеп жүрген студентке немесе 800 жыл бұрынғы оқиғалардың бүгінгі әлемге қалай әсер етіп жатқанын жақсырақ түсінгісі келетін ересек адамға ұмытылмас әсер сыйлайтын мүмкіндіктерді біріктіреді».
Ауқымды шара тарихи мұра мен заманауи музей технологияларын біріктіріп, америкалық аудиторияға қолбасшының тұлғасы мен Орталық Азияның бай мәдени мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Almaty Museum of Arts бір жылдығын атап өтті
