ЭЫДҰ-ның жаңа деректері еліміздегі білім беру жүйесінің қайшылықты ахуалын айғақтайды: Қазақстан жаратылыстану ғылымдары бойынша 2018 жылдан бергі ілгерілеуін сақтап қалғанымен, математикадан көрсеткіш төмендеді, ал оқу сауаттылығы соңғы он бес жыл бойы бір орында тұралап тұр.
Сонымен бірге мектептердің материалдық базасы мен кадрлық әлеуеті біртіндеп жақсарып келеді. Бұл білім саясатындағы басты екпінді «ресурсты көбейтуден» «оқыту сапасын арттыруға» көшіру қажеттігін айқын көрсетеді.
PISA 2025: Басты көрсеткіштер мен шынайы ахуал
PISA — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2000 жылдан бері әр үш жыл сайын 15 жастағы жасөспірімдер арасында өткізетін халықаралық зерттеу. Ол мектеп бағдарламасын жаттап алуды емес, білімді бейтаныс жағдаяттарда қолдана білуді: ақпаратты саралау мен бағалауды, мәселені шешуді, дерекпен жұмыс істеуді және өз ойын дәйектей алуды тексереді. Қазақстан PISA зерттеуіне 2009 жылдан бері қатысып келеді. 2026 жылғы 8 қыркүйекте ЭЫДҰ тоғызыншы кезеңнің — PISA 2025 нәтижелерін жариялады. Сынаққа әлемнің 91 елі мен экономикасынан 760 мыңнан астам оқушы қатысса, еліміз бойынша 643 білім ордасынан шамамен 22,7 мың бала қамтылды. Бұл циклде негізгі екпін жаратылыстану бағытына түсті, сондай-ақ «Цифрлық әлемде оқу» аясында есептеу тәсілдері арқылы мәселе шешу дағдысы алғаш рет дербес бағаланды.
Қазақстанның орташа нәтижелері мен ЭЫДҰ көрсеткіштерінің арасында айтарлықтай алшақтық бар. Жаратылыстану ғылымдары бойынша біздің оқушылар орта есеппен 420 балл жинаса, ЭЫДҰ елдерінің орташа межесі 482 балды құрады. Математикада бұл көрсеткіш 414 және 463 балл болса, оқу сауаттылығында Қазақстан небәрі 385 балл алып, ЭЫДҰ-ның 461 балдық МЕ жесінен тым артта қалды. Ал алғаш рет енгізілген есептеу тәсілдері арқылы мәселе шешу бағытында еліміз 449 балл жинағанымен, бұл да ұйымның 500 балдық орташа деңгейіне жетпеді.
Алайда орташа балл — мәселенің бір қыры ғана. Оқушылардың функционалдық сауаттылықтың базалық, яғни екінші деңгейіне қаншасы жететіні одан да маңызды. Қазақстанда бұл шектен асқандардың үлесі жаратылыстану бойынша — 52, математикада — 44, ал оқу сауаттылығында небәрі 36 пайыз болды. Яғни 15 жастағы жасөспірімдердің жартысына жуығы жаратылыстанудан, жартысынан астамы математикадан, ал үштен екісі оқу сауаттылығы бойынша ең қарапайым базалық деңгейге де жете алмай отыр.
Бұл алшақтықты басқа өлшеммен де пайымдауға болады. ЭЫДҰ әдіснамасында PISA-дағы шамамен 20 балл оқушы нәтижесінің бір оқу жылындағы орташа өсіміне теңестіріледі. Осы шартты есепке сүйенсек, еліміз бен ЭЫДҰ орташа көрсеткішінің арасындағы айырмашылық математика бойынша шамамен 2,5 жылға, жаратылыстану ғылымдарынан 3,1 жылға, ал оқу сауаттылығынан 3,8 жылға пара-пар. Ал Сингапур немесе Қытайдың озық білім аймақтарымен салыстырғанда жекелеген бағыттардағы алшақтық тіпті 7–10 жылдық өсім көлеміне жетеді. Әрине, бұл қазақстандық оқушының құрдастарынан сөзбе-сөз «бірнеше сыныпқа артта қалғанын» білдірмейді, себебі ЭЫДҰ мұндай салыстыруды механикалық түрде тура қабылдаудан сақтандырады. Дегенмен бұл есеп білімдегі шынайы алшақтықтың қаншалықты ауқымды екенін бағамдауға мүмкіндік береді.
Мұнда іріктеменің ерекшелігін де ескеру қажет. Қазір жарияланған ЭЫДҰ материалдарында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының нәтижелері бөлек берілмеген. Олар зерттеуге бөлек іріктеме ретінде қатысатындықтан, олардың көрсеткіші Қазақстанның жалпы ұлттық нәтижесіне қосылмайды және олардың деректері кейінірек жарияланады деп күтілуде.
Қай бағытта өсім бар, қай тұста кенжелеп қалдық?
PISA 2025-тің жаһандық деңгейдегі жалпы көрінісі де күрделі. ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштері зерттеу тарихындағы ең төменгі деңгейге құлдырап, бір кезең ішінде оқу сауаттылығы шамамен 14 балға, ал математика 9 балға төмендеді. Сондықтан еліміздегі үрдісті әлемдік жағдайдан бөле-жара қарауға болмайды. Дегенмен елдің өз ішіндегі өзгерістер бағыттар бойынша әртүрлі.
Жаратылыстану ғылымдарында 2018 жылғы 397 балмен салыстырғанда айтарлықтай серпіліс бар, көрсеткіш 420 балға жетіп, 2022 жылғы 423 балдан кейін де іс жүзінде өз деңгейін сақтап қалды. Есесіне, математика бойынша кері кетушілік байқалып, еліміз 2022 жылғы 425 балдан кейін 414 балл алды. Ал ең созылмалы әрі басты мәселе оқу сауаттылығында сақталып отыр: 2009 жылы — 390, 2012 жылы — 393, 2018 жылы — 387, 2022 жылы — 386 және 2025 жылы — 385 балл. Он алты жыл бойы ешқандай ілгерілеудің болмауы бұл нәтижені тек пандемиямен немесе қашықтан оқыту кезеңімен ақтаудың ендігі жерде негізсіз екенін көрсетеді.
QAZAQ EXPERT CLUB:
Қазақстан үшін тәуекел аймақтары жаңа емес: мәтінді ұғу сауаттылығының әлсіздігі, алған білімді бейтаныс жағдайда қолданудағы қиындықтар және жоғары нәтиже көрсететін оқушылар үлесінің мардымсыздығы бірнеше PISA циклінен бері белгілі. Алайда бұл бағыттарда тұрақты оң өзгеріс әлі байқалмайды. Демек, бүгінгі мәселе жаңа проблема іздеуде емес, жүйенің бұрыннан белгілі олқылықтармен қаншалықты дәйекті жұмыс істеп, қабылданған шешімдердің қайтарымын қаншалықты бағалайтынында болып тұр.
Сонымен бірге, жаһандық деңгейдегі құлдырау — бұлтартпас заңдылық емес, өз даму бағытын дұрыс арнаға бұра білген елдер де бар. Мәселен, Түркия бір цикл ішінде жаратылыстанудан нәтижесін 18 балға өсіріп 494-ке, оқу сауаттылығынан 16 балл қосып 472-ге, ал математикадан 8 балл өсіріп 462 балға жеткізді. Бүгінде Түркия жаратылыстану мен оқу сауаттылығы бойынша ЭЫДҰ орташа көрсеткішінен озып кетсе, математикадан сол деңгейге таяп қалды.
Сондай-ақ негізгі циклге 2022 жылы алғаш рет қатысқан Өзбекстанның қарқыны да назар аударады: 2025 жылы олардың жаратылыстанудағы нәтижесі 438 балға жетіп, Қазақстаннан 18 балл алға шықты. Ал есептеу тәсілдері арқылы мәселе шешу дағдысында Қазақстан 449 балл жинап, көрші елдің 402 балдық нәтижесінен әзірге айтарлықтай алда тұр. Бұл салыстырулар елдерді рейтингке тізу үшін емес, қолайсыз сыртқы жағдайдың өзінде білім нәтижелерін қысқа мерзімде өзгертуге болатынын және жүйенің бастапқы деңгейі ғана емес, оқыту үдерісінің өзінде болып жатқан өзгерістердің сапасы шешуші мәнге ие екенін көрсетеді.
Оқу сауаттылығы — күллі білім жүйесінің іргетасы
Оқу сауаттылығы әлі де көбіне тек тіл мен әдебиет пәні мұғалімдерінің жауапкершілігі ретінде қабылданады. Алайда PISA әлдеқайда ауқымды қабілетті бағалайды: күрделі мәтінді зерделеу, негізгі ойды ажырату, дереккөздерді салыстыру, уәждердің қисынын түсіну, ақпараттың сенімділігін бағалау және дербес қорытынды жасау. Егер бұл дағдылар жеткілікті дамымаған болса, мәселе барлық пәнде көрініс береді. Оқушы математикалық формуланы білгенімен, есептің шартын дұрыс түсінбеуі мүмкін; ғылыми фактіні білгенімен, графикті оқи алмайды немесе тұжырымды дәлелдеп бере алмайды.
Сондықтан білім алушылардың небәрі 36 пайызының ғана базалық деңгейге жетуі — оқушының жалпы танымдық қабілеті мен оқуға деген бейімінің төмендігін көрсетеді.
Екінші өзекті түйткіл — жоғары нәтиже көрсететін білім алушылар тобының тым аздығы.
Қазақстанда оқу сауаттылығы мен жаратылыстану бойынша мұндай оқушылар іс жүзінде жоқтың қасы, ал математикада олардың үлесі шамамен 1 пайыз ғана. Демек, білім беру жүйесі бір мезгілде базалық межеге жетпеген балалардың үлкен тобын қысқартуға және күрделі міндеттермен әрі дәлелдермен жұмыс істей алатын дарынды оқушылар санын едәуір арттыруға жағдай жасауға мәжбүр.
Инфрақұрылым реттелді: ендігі назар сабақ сапасына аууы тиіс
PISA 2025 еліміздегі оқу жағдайларының бірқатар көрсеткіші жақсарғанын тіркейді. Мектеп басшыларының оқу үдерісіндегі қиындықтарды педагогтердің, оқу материалдарының немесе материалдық-техникалық базаның тапшылығымен байланыстыруы айтарлықтай азайған. Оқушылардың өздері де мұғалімдердің қолдауын жоғары бағалайды: олардың 85 пайызы жаратылыстану мұғалімінің әр баланың оқуына қызығушылық танытатынын, 86 пайызы материалды толық түсінгенге дейін түсіндіре беретінін, ал 88 пайызы қажет кезінде қосымша көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін айтады. Сондықтан нәтижелерді тек ресурстың жетіспеуімен түсіндіру енді жеткіліксіз.
Ғимарат, жабдық, цифрлық орта және педагогтердің болуы қажет негіз болғанымен, олар автоматты түрде жоғары білім нәтижесіне кепілдік бермейді. Ендігі кезекте сабақтың өзінде не болып жатқаны басты назарға шығады: бала материалды қаншалықты терең түсінеді, ақпаратпен жұмыс істей ме, кері байланыс ала ма және алған білімін жаңа өмірлік жағдайға көшіріп қолдана ала ма — таразы осы.
Сонымен қатар Қазақстанда білім нәтижесінің отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тәуелділігі салыстырмалы түрде төмен.
Жаратылыстану ғылымдары бойынша әлеуметтік-экономикалық бөліністің ауқатты және осал топтары арасындағы алшақтық 41 балл болса, ЭЫДҰ бойынша бұл орташа көрсеткіш — 85 балл. Бұл — біздің маңызды артықшылығымыз. Басты міндет — осы салыстырмалы қолжетімділікті сақтай отырып, жалпы білім нәтижесінің деңгейін көтеру.
Оқу бағдарламасының шеңберінен тыс факторлар да бар. Үш жыл ішінде ата-аналардың қатысуы төмендеп, баласымен мектептегі жағдайды аптасына кемінде бір рет талқылайтын ата-аналар үлесі 68 пайыздан 54 пайызға азайған. Сондай-ақ оқушылардың 27 пайызы тестілеуге дейінгі екі аптада кемінде бір толық оқу күнін себепсіз жіберіп алғанын хабарлаған. Бұл көрсеткіштер оқу мәдениетінде сабаққа тұрақты қатысу мен отбасы және мектеп арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңызын айқын көрсетеді.
Цифрлық орта мен жасанды интеллект
Қазақстандық оқушылар мектепте цифрлық құрылғыларды шетелдік құрдастарынан көбірек пайдаланады: оқу мақсатында күніне шамамен 2,2 сағат (ЭЫДҰ — 1,7 сағат), ал демалыс пен ойын-сауыққа тағы 1,2 сағат жұмсайды. Жасанды интеллект те оқу процесінің күнделікті бөлігіне айналып үлгерді. Білім алушылардың 47 пайызы оқуына көмектесу үшін чат-боттарды аптасына кемінде бір рет қолданады, бұл ЭЫДҰ көрсеткішімен (46%) қарайлас. Сонымен бірге оқушылардың 80 пайызы сабақта жасанды интеллект қалыптастырған ақпараттың сапасын өздері бағалауға тура келетінін айтқан.
Алайда негізгі мәселе құралды қаншалықты жиі пайдалануда емес, оны қалай қолдану тәсілінде жатыр.
Оқушылардың 39 пайызы жазбаша тапсырмаларды орындау кезінде ЖИ-ді қолданса (ЭЫДҰ-да бұл 29%), тағы 38 пайызы өздері оқуы тиіс мәтіннің қысқаша мазмұнын жасау үшін пайдаланады. Тек 8 пайызы ғана оқу тапсырмаларында чат-боттарды іс жүзінде қолданбайды. Оқу сауаттылығының төмен деңгейін ескерсек, бұл үлкен тәуекел тудырады. Егер жасанды интеллект дәлелді тексеруге, балама шешім табуға және кері байланыс алуға көмектессе — ол танымды күшейтеді.
Ал егер ол өз бетінше оқуды, ой елегінен өткізуді және жеке ойды сауатты тұжырымдауды алмастырса, технология оқушының дербес ойлау жүйесінің орнын басып кетеді.
Қазір елімізде оқушылардың 39 пайызы мектепте ұялы телефонға тыйым салынған ортада оқиды (ЭЫДҰ бойынша — 49%). Сонымен қатар балалардың 85 пайызы цифрлық құрылғыларды сабақта пайдалану жөніндегі нақты ұсынымдар енгізілген мектептерде білім алуда (ЭЫДҰ-да — 71%). Сондықтан мәселе тек телефондарға тыйым салуда емес, түсінікті цифрлық тәртіпте: құрылғының қай кезде оқуға көмектесетінін, ал қай уақытта назарды бөлетін факторға айналатынын ажырата білу маңызды.
Бұл білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?
Бұл нәтижелердің салдары мектеп шеңберінен әлдеқайда кең. Бүгінгі 15 жастағы жасөспірім бірнеше жылдан кейін колледждер мен жоғары оқу орындарының аудиторияларына барады. Егер түлектер күрделі мәтіндерді оқу, дәлелдеу және математикалық пайымдау дағдысын меңгермей келсе, университеттер алғашқы курстарды мектептен қалған олқылықтарды өтеуге жұмсауға мәжбүр болады. Бұл инженерлік, IT, ғылыми-зерттеу және басқа да іргелі бағдарламалардың деңгейін шектейді. Сондықтан PISA 2025 жай ғана рейтинг көтеруге бағытталған науқандық жобаны емес, күнделікті оқу процесін түбегейлі жаңғыртуды талап етеді.
Бұдан кейін нені өзгерту қажет?
PISA 2025 келесі кезең ресурстарды одан әрі кеңейтумен емес, мектептің сол ресурстарды қаншалықты тиімді әрі сапалы пайдалана білуімен байланысты болуы керектігін айқын көрсетеді.
Ең алдымен барлық пәнге ортақ міндет ретінде мағыналық және талдамалық оқуды дамыту
қажет. Бұл оқушыны күрделі мәтіндермен, дәлелдермен, графиктермен, бірнеше дереккөзбен сауатты жұмыс істеуге және өз ойын жазбаша түрде жүйелі әрі толық жеткізе білуге үйретуді білдіреді.
Сонымен қатар бағалаудың мәнін өзгертіп, мектептің сыртқы жабдықталуын тексеруден оның білім беру нәтижесіне беретін нақты әсерін бағалауға көшу
маңызды. Яғни қандай жағдай жасалғанын ғана емес, сол инвестицияның нәтижесінде оқыту сапасы мен оқушының білімі қалай өзгеріп жатқанын саралау қажет.
Бұған қоса педагогтің кәсіби және диагностикалық құзыретіне жеке назар аударылуы тиіс.
Мұғалімдердің балаға көмектесуге деген ізгі ниеті қалыптастырушы бағалаудың нақты құралдарымен және білімдегі олқылықтарды ерте анықтау әдістерімен ұштасуы керек.
Цифрлық орта да неғұрлым түсінікті әрі нақты қағидаларды талап етеді. Ұялы құрылғылар мен генеративті жасанды интеллект баланың дербес ойлану қабілетін тұншықтырмай, керісінше, оның сыни пайымын дамытуға дем беретіндей дәрежеде қолданылуы шарт.
Соңында, білім беру жүйесінде оқушыларды атаулы қолдау тетігін реттеу қажет. Базалық деңгейге жете алмаған балаларға ерте бастан көмек көрсетумен қатар, жоғары деңгейге шыға алатын дарынды балалармен жеке жұмыс жүргізген жөн. Әсіресе өңірлік және ауылдық мектептер үшін тұрақты әдістемелік байланыс орнатып, мықты пәндік командаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және өзара тәжірибе алмасу ерекше мәнге ие.
Түйіндей айтқанда, білім беру саясатының келесі кезеңі мектептің не алатынына емес, соның нәтижесінде баланың не үйренгеніне көбірек бағытталуы тиіс: күрделі мәтінді ұғу, ой қорыту, деректермен жұмыс істеу, білімді өмірде қолдана білу, шешімді өз бетінше іздеу және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау басты бағдарға айналуы қажет.
Автор: Жазира Асанова, Qazaq Expert Club білім беру саласындағы сарапшысы
Келесі материал: Changan CS75 Pro: Қазақстан нарығына жеті орындық жаңа кроссовер шығады
