Орталық Азияның көлік архитектурасын трансформациялау жаһандық басқару бастамасы аясында футуристік тұжырымдамадан практикалық кезеңге көшіп келеді. Қазақстанда жаңа бағыт – төмен биіктіктегі экономика (Low Altitude Economy) қалыптасып жатыр.
Бұл үдерістің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – әлемдегі жетекші технологиялық компаниялармен ынтымақтастық. Олардың қатарында ұшқышсыз жүйелер мен тік ұшып-қонатын жолаушыларға арналған электр әуе көліктері (eVTOL) саласында көш бастап тұрған Қытай ерекше орын алады.
ҚР Үкіметінің үйлестіруімен және жеке инвестициялар есебінен дамып жатқан қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility – UAM) жобасы жаңа Алатау қаласының ауқымды қала құрылысы жоспарына енгізіліп отыр.
Әуедегі Жібек жолы: Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы
Қазақстан мен Қытайдың жоғары технологиялар саласындағы серіктестігі екі ел экономикасының өзара толықтыруына және көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған жаһандық үрдістерге негізделген. Жаһандық басқару бастамасы аясында Бейжің мен Астана қазақстандық тарап технологиялар мен құзыреттер трансферінің толыққанды орталығына айналатын серіктестік моделін қалыптастырып келеді.
«Alatau Advanced Air Group ltd.» (AAAG) жеке компаниясының жоба менеджері Данияр Утеулиннің айтуынша, Қазақстан үшін негізгі мақсат тек дайын әуе аппараттарын сатып алу емес, жаңа технологияларды ел аумағына толыққанды трансферлеу.

«Біз мұны тек әуе аппараттарын сатып алу арқылы жүзеге асырғымыз келмейді. Жаңа технологияларды Қазақстан Республикасының аумағына толыққанды көшіруді көздеп отырмыз. Техниканы сатып алумен қатар, осындай аппараттарды Қазақстанда құрастыру және оларға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ оларды жергілікті операторлардың көмегімен толыққанды пайдалануды жоспарлаймыз. Қытайлық серіктестерді таңдаудың басты себебі – олардың ұшқышсыз әуе жүйелері арқылы жеткізу саласындағы көшбасшылығы және eVTOL технологиясындағы елеулі жетістіктері. Қытай қалалық тығыз құрылыс жағдайында ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған шешімдерді бейімдеу бойынша батыстық баламалардан алда келеді. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастық орнату туралы таңдауымыз айқын болды», – деді Данияр Утеулин.

Аэротакси және Алатау қаласының инновациялық хабы
Жобаны практикалық іске асыру қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсете бастады. 2026 жылдың шілдесінде Астанада өткен халықаралық «Болашақ ойындары 2026» турнирі аясында Қытайдың жетекші өндірушісі жасаған AutoFlight Prosperity аэротаксиінің тарихи демонстрациялық ұшуы жүзеге асырылды.
Аппарат 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Оның ұшу қашықтығы 200 шақырымға дейін жетеді және ол СО₂ шығарындыларынсыз жұмыс істейді.

Салаға мемлекеттік қолдау заңнамалық деңгейде де бекітілген. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше:
«Қабылданған заңнамалық өзгерістер Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырды. Алатау мен Астанада өткізілген демонстрациялық ұшулар еліміздің бүгінде eVTOL технологияларын практикалық тұрғыда енгізуге жүйелі түрде көшіп жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды ұлттық көлік жүйесіне қауіпсіз интеграциялауды қамтамасыз ету және жаңа жоғары технологиялық саланың дамуына жағдай жасау».
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаңа бағыттың ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.
«Біз түбегейлі жаңа сала – төмен биіктіктегі экономиканы қалыптастырып жатырмыз. Ақылды вертипорттар мен ұшуларды цифрлық басқару жүйесін қамтитын озық инфрақұрылымды құру Қазақстан қалаларының келбетін сапалы түрде өзгертіп, еліміздің технологиялық көшбасшы мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді».
Жаңа саланы дамыту Алатау қаласына арналған арнайы құқықтық режим аясында қарастырылған. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституциялық заң қаланы инновациялық көлік технологияларын енгізу алаңы ретінде айқындады. Ал UAM инфрақұрылымы қаланың бас жоспарына жобалау кезеңінің өзінде енгізіліп жатыр.

Қазір Алатауда «UAM Center Eurasia» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – өңірдегі алғашқы қалалық әуе мобильдігі орталығы. Мұнда AAAG компаниясы Korea Airports Corporation, UrbanV және AutoFlight компанияларымен бірлесіп вертипорттар желісін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Техниканы сынақтан өткізу үшін Қазақстанның күрт континенттік климаты ерекше мүмкіндік береді. Бұл жергілікті алаңды Қытай өндірушілері үшін бірегей сынақ полигонына айналдырады.
Жолаушыларды коммерциялық негізде алғашқы сынақ тасымалдарын 2028 жылдың соңында – 2029 жылдың басында бастау жоспарланып отыр.
Данияр Утеулиннің айтуынша, Қазақстанның климаттық ерекшеліктері жаңа көлік түрін сынау үшін маңызды артықшылық береді.
«Біз күрт континенттік климаты бар ел ретінде осы технология түрін өндірушілер үшін өте қызықтымыз. Мысалы, біздің серіктесіміз AutoFlight – Шанхайда орналасқан қытайлық компания. Ол жерде климат әлдеқайда жылы әрі жер бедері негізінен жазық. Біздегідей таулар да, қыс та жоқ. Сондықтан Алатау мен Алматы осы көлік түрін сынау үшін таңдалды. Мұнда ыстық жазды да, салыстырмалы түрде суық қысты да бастан өткеруге болады. Осы жерде серіктестеріміз үшін қосымша сынақтардың бірнеше түрі жүргізіледі», – деді ол.



Болашақ логистикасы: дрондар, экожүйе және цифрлық басқару
Жолаушылар тасымалымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік логистика және қалалық инфрақұрылым саласында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (БАС) қолдануды да қамтиды.
Астанада өткен демонстрациялық шаралар барысында арнайы пошта постаматтары мен жеткізу дрондары таныстырылды. Олардың ішінде Қытайдың Keeta Drone сияқты технологиялық экожүйелерінің қатысуымен әзірленген шешімдер бар. Бұл жүйелер қатты жел мен нөсер жаңбыр жағдайында сынақтан сәтті өткен.
Қытайлық инженерлер мен әзірлеушілермен ынтымақтастық ұзақ мерзімді әрі ауқымды сипатқа ие. Данияр Утеулин серіктестермен жұмыс барысындағы әсерімен де бөлісті.
«AutoFlight компаниясындағы серіктестерімізбен өте жылы қарым-қатынас орнады. Олардың өз жұмысына шын берілгеніне, жаңа технологиялар мен оларды енгізуге қызығушылық танытатынына көз жеткіздік. Жалпы, серіктестеріміздің ынтасына, еңбекқорлығына және жасап жатқан жұмысының сенімділігіне қатты таңғалдық», – деді ол.

Өңірдің геосаяси және экономикалық перспективалары
Қазақстанның жаһандық төмен биіктіктегі экономикаға қосылуы Орталық Азияның геоэкономикалық жағдайына әсер ететін факторлардың біріне айналуы мүмкін.

AutoFlight компаниясының аға вице-президенті Келлен Се болашақта ірі eVTOL технологиялары өңірді бірнеше бағытта өзгертетінін атап өтті.
«Болашаққа көз жүгірте отырып, біз ірі eVTOL технологиямыздың бұл өңірді бірнеше бағыт бойынша өзгертетінін көріп отырмыз. Олардың қатарында қалалар арасындағы кедергісіз қатынасты қамтамасыз ететін аэротакси қызметі, теңізге шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі елдегі орасан зор қашықтықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін қалааралық әуе тасымалы, қар басқан ғажайып таулар мен тау-шаңғы курорттарының үстімен экскурсиялық ұшулар, қалааралық логистика мен жедел жеткізу, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету және энергетикалық платформаларды пайдалану сияқты ақылды қала басқару жүйелері бар. Бұл бағыттар жай ғана технологиялық мүмкіндіктер емес. Олар Орталық Азия үшін шығарындылары нөлге тең тұрақты көліктің жаңа парадигмасын қалыптастырады. Қазақстан Үкіметіне, авиациялық билік органдарына, стратегиялық серіктесіміз AAAG компаниясына және экожүйеміздегі барлық серіктестерге көрегендік танытып, сенім білдіргені және тұрақты қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Бірге отырып, бәріміз үшін жақсы болашақты айқындайтын төмен биіктіктегі интеллектуалды көлік желісін құрып жатырмыз!» – деді ол.
Жаһандық деңгейде болашақты басқаруға бағытталған бастамалар аясында Қазақстан шығыстағы көршісімен технологиялық ықпалдастықтың тиімді үлгісін көрсетіп, көлік экожүйесін әртараптандырып келеді.
Алдағы уақытта аккумуляторлық технологиялардың арзандауына қарай, оның ішінде Қытайдың ең ірі өндірушілерінің бірі CATL шығаратын батареялар есебінен, әуе таксиі мен ұшқышсыз логистика азаматтар үшін кең қолжетімді көлік шешімдеріне айналуы мүмкін.
Бұл Қазақстанның Еуразиядағы инновациялық технологиялар хабы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Қарыз, мүлік, отбасылық жанжалдар – қазақстандықтар қандай дауларды ұзақ сот процесінсіз шеше алады?
