15-17 қазан аралығында Астанада жүзуден алғаш рет Әлем кубогының кезеңі ұйымдастырылады. Елорда 2026 жылғы World Aquatics Әлем кубогының Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңін қабылдайды деп хабарлайды SteppeNews.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
2026 жылы World Aquatics Баку (Әзірбайжан), Ташкент (Өзбекстан) және Астананы Әлем кубогының бірыңғай жарыс бағытына біріктірді. Жарыс сериясы бірнеше ғасыр бойы Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстырған тарихи Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды.
Silk Road Tour сериясының алғашқы кезеңі Әзірбайжан астанасы Бакуде өтеді. Онда жүзгіштер 1-3 қазан аралығында бақ сынайды. Одан кейін жарыстар 8-10 қазан күндері Ташкентте жалғасып, серия 15-17 қазанда Астанада мәресіне жетеді.
Жарысқа ұлттық құрамалардың спортшылары, сондай-ақ белгіленген іріктеу талаптарын орындаған клуб жүзгіштері қатыса алады. Қабылдаушы елдердің клубтарынан қатысатын спортшылар үшін арнайы шектеу қарастырылған. Атап айтқанда, әр жүзгіш үш дисциплинадан артық сайысқа түсе алмайды.
Астана кезеңіне әлемнің үздік жүзгіштері қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рекорд иелері бар. Жалпы, Silk Road Tour сериясының үш кезеңіне 50-ден астам елден 750-ден аса жүзгіш қатысады деп жоспарланған.
Әлем кубогы аясындағы жарыстарда көрсетілген нәтижелер әлемдік және жасөспірімдер арасындағы рекорд ретінде ресми түрде тіркелуі мүмкін. Егер спортшы әлемдік рекордты жаңартса немесе қолданыстағы рекордты қайталаса, нәтиже World Aquatics талаптарына сәйкес ресми түрде есепке алынады.
Silk Road Tour сериясының қорытынды рейтингі Астанадағы соңғы кезең аяқталғаннан кейін жасалады. Спортшылардың жалпы рейтингісін анықтау кезінде серияның барлық кезеңінде көрсеткен нәтижелері ескеріледі. Бұл ретте әр кезеңде спортшының ең үздік үш нәтижесі ғана қорытынды есепке енгізіледі.
Күзгі жарыстар сериясы желтоқсан айында Қытайдың Бейжің қаласында өтетін қысқа бассейндегі, яғни ұзындығы 25 метр болатын бассейндегі әлем чемпионаты қарсаңындағы маңызды халықаралық жарыстардың бірі болады.
Айта кетейік, Астанадағы жүзуден Әлем кубогының кезеңі «Барыс Арена» бассейнінде өтеді.
Келесі материал: Карстағы ірімшік музейі туристердің назарын аударып отыр
