Бішкектегі ШЫҰ саммиті: декларациялардан нақты ынтымақтастық тетіктеріне дейін
Фото: Қырғызстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі
Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылған саммит аяқталды. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшылары 28 құжатқа қол қойды. Олардың қатарында Бішкек декларациясы, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік, жасанды интеллект, цифрлық экономика, көлік, экология және гуманитарлық ынтымақтастық салаларына қатысты шешімдер бар.
Мерейтойлық форум ШЫҰ-ның институционалдық кеңеюден нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға біртіндеп көшіп жатқанын көрсетті. Қазіргі саммиттің бұған дейінгі кездесулерден қандай ерекшелігі бар, ұйым жаһандық басқару қағидаттарын қалай жүзеге асырып жатыр және Қазақстан мен Қытай үшін қандай перспективалар ашылады деген сауалдарға тарих ғылымдарының кандидаты, «Өңірлік интеграцияны зерттеу институты» қоғамдық қорының президенті Таисия Мармонтова жауап берді.
Фото: SteppeNews.kz
Кеңеюден тиімділікке қарай
Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ өңірлік сенім тетігінен Еуразиядағы ең ірі халықаралық ұйымдардың біріне айналды. Ендігі кезекте ұйымның кеңеюінен гөрі оның практикалық нәтижелілігіне басымдық берілмек.
«Қазіргі саммиттің басты ерекшелігі – ШЫҰ ширек ғасырлық мерейтойына кеңею мәселесімен емес, тиімділік мәселесімен келіп отыр. Ұйым өсті, енді оның салмағы қатысушылар санына емес, көптеген декларациялардан нақты шешімдерді іске асыруға көшу қабілетіне байланысты болады», – деп есептейді Таисия Мармонтова.
Оның айтуынша, Қырғызстанның төрағалығы кезеңіндегі күн тәртібінде дәстүрлі қауіпсіздік мәселелерімен қатар цифрландыру, жасанды интеллект, экономика, экология және көлік мәселелерінің қамтылуы да маңызды.
Бұл басымдықтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыста сөйлеген сөзінен де көрініс тапты.
«Мемлекеттердің географиялық тұрғыдан байланыстылығы – ШЫҰ-ның стратегиялық артықшылығы. Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құруды жеделдетуіміз қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
Практикалық бағытқа көшудің нақты көрінісі ретінде қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі Әмбебап орталықты, Есірткіге қарсы іс-қимыл орталығының Атқарушы комитетін құру туралы шешімдерді, сондай-ақ жасанды интеллект индустриясы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты құжаттарды атауға болады.
«Шанхай рухы» және жаһандық басқару
Саммитте халықаралық ынтымақтастықтың неғұрлым әділ жүйесін қалыптастыру мәселесі де талқыланды. Бұл пікірталастың жалғасы ретінде 2025 жылы Тяньцзиньде өткен «ШЫҰ плюс» кездесуінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық басқару бастамасын атап өтуге болады. Оның негізінде мемлекеттердің егемендік теңдігі, халықаралық құқықты құрметтеу, көпжақтылық, халықтардың мүддесіне бағдарлану және нақты нәтижеге қол жеткізу қағидаттары жатыр.
Фото: Ақорда
Бішкекте Қытай төрағасы ШЫҰ диалог, бірлескен даму және өзара тиімді ынтымақтастық алаңы болып қалуы керектігін тағы да атап өтті.
«Бейбітшілік, даму, ынтымақтастық және жалпыға ортақ ұтыс – қайтымсыз тарихи үрдіс. ШЫҰ елдерінің тағдыры ортақ қоғамдастығын бірлесіп құру қажет», – деді Си Цзиньпин.
Таисия Мармонтованың айтуынша, ШЫҰ бұл қағидаттардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.
«ШЫҰ мұндай тәсілді сынақтан өткізуге өте қолайлы, өйткені ұйымның өзі консенсус қағидатына, егемендік теңдігіне және қандай да бір мемлекеттің ресми үстемдігінің болмауына негізделген. Мұнда Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттері, Үндістан, Пәкістан, Иран, Беларусь сияқты мүдделері әртүрлі елдер қатар ұсынылған. Соған қарамастан олар қауіпсіздік, цифрлық экономика, көлік, энергетика және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен шешімдерді келісіп келеді».
Қазақстан мен Қытай: логистика, технология және инвестиция
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылдың ең практикалық бағыттарының бірі болып қала береді. Оның негізін көлік байланысы, өнеркәсіптік кооперация, инвестиция және цифрлық технологияларды дамыту құрайды.
«Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының қазіргі таңда өте маңызды экономикалық базасы бар. Қытай – Қазақстанның ең ірі серіктестерінің бірі. Тек ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі шамамен 9%-ға өсті. Оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорттық тасымалы шамамен 20%-ға артты», – дейді Таисия Мармонтова.
Сарапшы алдағы кезеңдегі өзара іс-қимылдың ең перспективалы үш бағытын атап өтті.
Фото: Синьхуа
«Көлік және логистика ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыты болып қала береді. Себебі Қазақстан Қытай, Орталық Азия, Каспий және еуропалық нарықтар арасындағы құрлықтық торап ретіндегі рөлін күшейтуге мүдделі. Бірлескен өндіріс, технологиялық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ цифрлық экономика мен жасанды интеллект салаларының да әлеуеті зор».
ШЫҰ үшін жаңа кезең
Бішкекте қол қойылған 28 құжат ұйымның күн тәртібін дәстүрлі қауіпсіздік мәселелерінен тыс кеңейтіп келе жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, көлік байланысы, энергетика және гуманитарлық алмасулар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айналып отыр.
ШЫҰ-ның болашағы туралы сөз еткен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттерді тең құқылы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық басқару жүйесін бірлесіп жетілдіруге шақырды.
Фото: Ақорда
Саммит қорытындысына баға бере отырып, Таисия Мармонтова Қазақстан үшін негізгі практикалық нәтиже екіжақты серіктестікті ШЫҰ аясындағы кең ауқымды жобалармен ұштастыру мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Қазіргі саммиттің Қазақстан үшін практикалық нәтижесін, ең алдымен, екіжақты Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын ШЫҰ-ның ауқымды жобаларымен: көлік дәліздерімен, цифрландырумен, энергетикамен байланыстыру мүмкіндігінен көремін. Бұл Қазақстан үшін ерекше маңызды. Өйткені Қытаймен қарым-қатынасты тек ресурс ретінде емес, кеңірек еуразиялық күн тәртібінің бір бөлігі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді».
Фото: Қырғызстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі
Осылайша, Бішкек саммитінің қорытындысы ШЫҰ дамуының жаңа кезеңін айқындады. Бұл кезеңде ұйымның одан әрі кеңеюінен гөрі практикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға басымдық берілмек.
Қазақстан үшін бұл ШЫҰ мемлекеттерімен, ең алдымен Қытаймен бірлескен инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық және цифрлық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.