Алматыда 17–22 тамыз аралығында 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында «Roland-Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» халықаралық турнирі өтті. Жарысқа Орталық және Батыс Азия елдерінен келген үздік жас спортшылар қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер бірнеше жүлделі орынға ие болды.
Ұлдар арасындағы бәсекеде Иран өкілі Киараш Садегизейди жеңімпаз атанды. Қазақстандық Родион Трайгель күміс жүлде иеленсе, Бексұлтан Бауыржанов қола жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір отандасымыз Әмір Асқар жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Қыздар арасында Өзбекстан өкілі Александра Бармичева бірінші орын алды. Қазақстандық Алуа Марат күміс жүлдеге ие болса, Айым Қанағатова үшінші орыннан көрінді. Қазақстан атынан өнер көрсеткен Тамина Сәкен төртінші орын алды.
Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін «Roland-Garros Junior Series by Renault» турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алды. Онда олар Батыс және Орталық Азия аймағының атынан бақ сынайды.
Жарыс Қазақстан теннис федерациясы, Азия теннис федерациясы (ATF) және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
