Қытайдың Хунань провинциясының әкімшілік орталығы Чанша қаласында елдегі тілдік ресурстардың алуан түрлілігін сақтауға арналған жаңа көрме залы ашылды деп хабарлайды SteppeNews.kz «Жэньминь Жибао» ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Хунань провинциясы музейінде орналасқан экспозиция Қытайдың тілдері мен диалектілерін цифрлық және интерактивті форматта таныстырады. Көрмеде он жылдан астам уақыт бойы жүргізілген тілдерді құжаттау жұмыстарының нәтижелері көпшілік назарына ұсынылған.

Көрме залында ел аумағындағы 1800-ден астам нысанда жүргізілген далалық зерттеулер барысында жиналған аудиожазбалар мен басқа да тілдік материалдар қамтылған. Олар қытай тілінің түрлі диалектілерін, этностар тілдерін және солармен байланысты мәдени дәстүрлерді қамтиды.
Сонымен қатар көрмеге тіл мен жазуға қатысты 30-дан астам мәдени жәдігер қойылған.

Музей партия комитеті хатшысының орынбасары Чэнь Сюйлянның айтуынша, экспозицияда қытай тілінің 10 негізгі диалектісі мен этностардың 100-ден астам тілінің түпнұсқа дыбыс жазбалары ұсынылған. Олардың қатарында моңғол, тибет, ұйғыр және чжуан тілдері бар.
Келушілер өңірлік диалектілерді, халық әндерін және жойылып кету қаупіндегі кейбір тілдердің далалық зерттеулер кезінде жазылған үлгілерін тыңдай алады. Ал интерактивті инсталляциялар арқылы Қытайдағы тілдердің дамуы мен алуан түрлілігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Қытайдың тілдік ресурстарын қорғау жобасы 2015 жылы елдегі түрлі тілдер мен диалектілерді құжаттау және сақтау мақсатында іске қосылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл – әлемдегі осы бағыттағы ең ірі жобалардың бірі.
Сондай-ақ Чаншада тілдік технологияларды білім беру, ғылыми зерттеулер және мәдени мұраны сақтау салаларында қолдануды дамытуға бағытталған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін альянс құрылды.
