Ташкенттің қырық градус аптабынан Арктиканың қақаған аязына дейін. Осы жазда 15 жастағы Эзоза Бешимжанова үшін мұндай сапар жай ғана саяхат емес, өз мүмкіндіктерін сынаған ерекше тәжірибеге айналды. Ол халықаралық «Ледокол знаний – 2026» жобасының шетелдік 22 жеңімпазының бірі болып, атом мұзжарғышымен Солтүстік полюске жетті. Оқушының әсері мен сапары туралы Podrobno.uz жазды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Эзоза мұзжарғыштан түсіп, қолына Өзбекстанның туын ұстаған сәтін әлі де ерекше сезіммен еске алады. Айналаның бәрін аппақ қар басқан, қатты жел соғып тұр. Ал оның алдында – адамзат үшін ең жұмбақ мекендердің бірі, Солтүстік полюс.
«Бір нәрсе дұрыс болмай қала ма деп қорықтым. Сонымен бірге өз елімді таныстырып тұрғанымды сезініп, жауапкершілікті түсіндім. Қарға аяғымды тигізгенде ғана шынымен Солтүстік полюсте тұрғанымды түсіндім. Сол сәтте «егер мен осындай жерге дейін жете алсам, онда басқа да көптеген нәрселер қолымнан келеді екен деп ойладым», – дейді Эзоза.

Бес мың оқушының арасынан таңдалды
Эзозаның бұл сапары кездейсоқ келген мүмкіндік емес. «Ледокол знаний» жобасы оқушыларға Арктиканы көрумен қатар, ғылым, атом энергетикасы, заманауи технологиялар және болашақ мамандықтар туралы білім беруге бағытталған халықаралық білім беру экспедициясы.
2026 жылғы іріктеу үш кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар табиғи ғылымдар, атом энергетикасы, заманауи технологиялар және Арктикаға арналған 30 сұрақтан тұратын ғылыми викторинадан өтті. Кейін сарапшылардың вебинарларын тыңдап, арнайы тапсырмаларды орындады.
Әр елден үздік он финалист анықталған соң, оларға атом технологияларының бүгінгі әлемді қалай өзгертіп жатқанын түсіндіретін шығармашылық бейнеролик дайындау тапсырылды. Халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың білімін ғана емес, ойының ерекшелігін, дәлел келтіру қабілетін және күрделі технологияларды қарапайым тілмен түсіндіре алуын бағалады.
Жобаға шамамен бес мың 14-16 жастағы жасөспірім қатысты. Соның ішінде 22 елден бір-бір оқушы жеңімпаз атанып, Эзоза Өзбекстан атынан экспедицияға жолдама алды.
Жеңіске дейін он сәтсіздік болған
Қызығы, Эзозаның жеңіске апарар жолы марапаттар мен мінсіз жетістіктерден басталмаған.
Ол олимпиадалар мен жастар жобаларына мектептің 7-8 сыныптарынан бастап қатыса бастаған. Алғашқы байқаулардың көбінде жолы болмады. Тіпті Ташкентте өткен шағын жобалардың өзіне бірнеше рет өте алмай қалған.
Бірақ әр сәтсіздіктен кейін ол не себепті нәтижеге жете алмағанын талдауға тырысқан. Бірде мәтінді дұрыс жаза алмағанын, енді бірде өзін бейнероликте жеткілікті деңгейде көрсете алмағанын түсінген. Осылайша әрбір сәтсіз өтінім келесі мүмкіндікке дайындыққа айналды.
«Алғашында Ташкентте өтетін он шақты шағын байқауға қатыстым, бірақ олардың өзіне жиі өте алмадым. Әр жолы қай жерде қателескенімді түсінуге тырыстым. “Ледокол знаний” үшін бейнеролик дайындағанда осы тәжірибенің бәрі көмектесті», – дейді Эзоза.
Сондықтан оның Солтүстік полюске жетуі бір сәтте пайда болған жетістік емес. Оның артында бірнеше сәтсіздік, өзімен жұмыс істеу және келесі мүмкіндікке қайта-қайта талпыныс жасау тұр.

Мұзжарғыш кемедегі сабақтар
Экспедиция кезінде атом мұзжарғыш «50 лет Победы» кемесі оқушылар үшін үлкен оқу аудиториясына айналды.
Бағдарламада дәрістер, шеберлік сабақтары, ғылыми тәжірибелер және түрлі елдерден келген сарапшылармен кездесулер болды. Оқушылар Арктиканың табиғатын ғана емес, атом технологияларын, мұзжарғыш флотының жұмысын және заманауи ғылымды зерттеді.
Эзоза сапар алдында барлық сабақ физика мен Арктикаға арналатын шығар деп ойлаған. Алайда бағдарлама әлдеқайда кең болып шықты. Балалар атом физикасы, астрономия және Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеу тарихынан дәріс тыңдап қана қоймай, қытай тілін үйренді, видео түсіруді және сұхбат алуды меңгерді.

Әсіресе Франц-Иосиф жеріндегі дәріс Эзозаның есінде ерекше сақталып қалған. Кеме архипелаг маңында тоқтаған кезде сарапшы сол жердің тарихын айтып, дәл сол уақытта оқушыларға кемеден көрініп тұрған нысандарды көрсеткен.
«Бұл кәдімгі дәріске мүлде ұқсамады. Бізге осы жердің тарихын айтып отырып, “сол жаққа қараңыздар, ана жерде мына нысан бар” деді. Бір уақытта әрі тыңдап, әрі бәрін өз көзіңмен көресің. Сондықтан ақпарат та басқаша есте қалды», – дейді ол.
Тіпті жоспарланған тәжірибелердің бірі алғашқы әрекетте сәтсіз аяқталған. Гелий толтырылған шар арқылы құрылғы ұшыруға қатты жел кедергі болған. Кейін эксперимент Франц-Иосиф Жерінде қайта жасалды.
Эзоза үшін бұл да ғылымның бір бөлігіне айналды. Тәжірибе әрдайым жоспар бойынша жүре бермейді, ал алғашқы сәтсіздік идеядан бас тарту керек дегенді білдірмейді.

Болашақ мамандығымен жақынырақ танысуға бір қадам
Экспедицияның тағы бір маңызды бөлігі – мамандармен кездесулер.
Оқушыларға белгілі бір технологияның қалай жұмыс істейтіні ғана емес, сол салада маман болу үшін қандай жолдан өту керектігі де түсіндірілді.
Эзоза халықаралық қатынастар саласына қызығатынын айтады. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін тәлімгермен кездесу оған ерекше әсер еткен.
Маман өзінің халықаралық қатынастарға қалай келгенін, қандай жобаларға қатысқанын және мамандығы оған әлемнің әртүрлі елдеріне баруға қалай мүмкіндік бергенін айтып берген.
«Мен жай ғана мамандықтың атауын емес, сол мамандықты таңдаған нақты адамды көрдім. Оның жолы маған өзімнің болашақ кәсіби бағытымды елестетуге көмектесті», – дейді Эзоза.
Басқа қатысушылар да дәрігерлермен, физиктермен, инженерлермен және атом саласының мамандарымен сөйлесті. Яғни жоба жасөспірімдерге «болашақта кім боласың?» деген сұраққа дайын жауап бермеді. Оның орнына өз қызығушылығын нақты мамандықпен салыстырып көруге мүмкіндік берді.

Әлемнің түкпір-түкпірінен достар тапты
Экспедицияға Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасынан оқушылар қатысты. Әртүрлі мәдениет пен тілде өскен жасөспірімдерді ғылым мен технологияға деген қызығушылық біріктірді.
Жұмыс тілі ағылшын тілі болды. Алғашқы күні Эзоза бейтаныс адамдармен ағылшынша сөйлесуге қысылған.
«Бір нәрсені түсінбей қаламын немесе ағылшынша дұрыс айта алмаймын деп қорықтым. Бірақ кейін балалардың өздері маған жақындай бастады. Біраз уақыттан кейін еркін сөйлесіп, өзімді тіпті ана тілі ағылшын адамдай сезіндім», – деп еске алады ол.
Ол Египет, Индонезия, Қазақстан және Армениядан келген қатысушылармен жақын араласқан. Жасөспірімдер өз елдері туралы айтып, бірге өнер көрсетіп, бір-біріне ұлттық сувенирлер сыйлаған.
Эзоза Өзбекстаннан тюбетейка, халва, құрт, монеталар және палау, нан мен самса бейнесіндегі магниттер алып барған. Бірақ күтпеген жерден ең үлкен қызығушылық тудырған сувенир – құс пішініндегі кішкентай саз ысқырық болып шыққан.
Эзоза үшін сапардың ең үлкен құндылығы тек Солтүстік полюске барғанында емес. Оның айтуынша, экспедиция жаңа біліммен қатар, болашақтағы басқа жобалар мен университетке түсуге қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – халықаралық достық.
«Енді әлемнің басқа бөлігіне барсам, мені қарсы алатын адам болуы мүмкін екенін білемін. Өйткені Жердің әртүрлі нүктелерінде жақын адамдарым мен алғашқы халықаралық достарым пайда болды», – дейді ол.
«Арктиканың қожайынын» кездестірді
Экспедициядағы ең әсерлі сәттердің бірі ақ аюды көру болды.
Алғашқы екі күнде кеме қатты дауылдың арасымен жүрген. Көптеген қатысушылар теңіздегі тербеліске үйрене алмай қиналған.

Бір күні кешке Эзоза дәліздегі шудан оянып кетеді. Бірнеше минуттан кейін тәлімгері бөлмеге кіріп:
«Тез киініңдер, аю бар!» – дейді.
Қатысушылар кеменің тұмсығына жүгіріп шыққанда, ақ аюды шынымен көреді. Жануар кеменің дәл жанында, қар үстімен жүріп жүрген.
«Басында мен оның аю екенін түсінбедім. Түс көріп тұрғандай болдым. Кейін ол жүре бастады, табанының астындағы қардың сықырлағанын естідім. Сонда ғана бұл шын болып жатқанын түсіндім. Біз өте тыныш отырдық, сондықтан оның қалай тыныс алып, жүргені естілді», – дейді Эзоза.
Кейін оқушыларға ақ аюлардың тіршілігі мен мекені туралы дәріс оқылды. Бірақ жануарды өз ортасында көргеннен кейін бұл ақпарат бұрынғыдан да әсерлі қабылданған.
Эзоза Арктиканың тек ғылыми зерттеу алаңы емес, ең алдымен тіршілік иелерінің мекені екенін түсінген. Ал адамдар бұл жерде уақытша қонақ қана.
Солтүстік полюс – соңғы нүкте емес
Эзозаның Солтүстік полюске жасаған сапары кеме палубасына аяқ басқан сәттен басталған жоқ. Оның нағыз жолы әлдеқайда ертерек – алғашқы сәтсіз байқаулардан басталды.
Әр өтпеген конкурс оған өз қателігін талдауды, өзін таныстыруды және келесі жолы жақсырақ дайындалуды үйретті. Кейін бұл тәжірибе халықаралық іріктеуде, ағылшын тілінде сөйлесуде, сарапшылармен қарым-қатынаста және түрлі елдердің оқушыларымен бір командада жұмыс істеуде пайдаға асты.
Эзоза секілді тәжірибеден өткісі келетін оқушыларға қорқыныштың толық жоғалуын күтпеуге кеңес береді. Өйткені кейде сенімділік әрекет жасағаннан кейін ғана пайда болады.
«Мен де бұл іріктеуден өте алмаймын деп ойладым. Бірақ қандай да бір мүмкіндік пайда болса, нәтиже белгісіз болса да, байқап көру керек. Алғашында он конкурсқа қатысып, ешқайсысынан өтпеуің мүмкін. Бірақ солардың әрқайсысы тәжірибе береді. Кейін дәл сол тәжірибе бұрын тіпті ойлауға қорыққан мүмкіндікке жетуге көмектеседі», – дейді Эзоза.
Оның тарихындағы ең маңызды сабақ та осында шығар. Солтүстік полюс Эзоза үшін мәреге айналған жоқ. Керісінше, ол жерден кейін білімге, болашақ мамандыққа және жаңа мүмкіндіктерге апаратын басқа жол басталды.

«Ледокол знаний» деген қандай жоба?
«Ледокол знаний» – «Росатом» қолдауымен ұйымдастырылатын халықаралық ғылыми-ағартушылық жоба. Оның басты мақсаты – жасөспірімдердің ғылымға, технологияға және инженерияға қызығушылығын арттырып, қабілетті оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну. Жобаның ең үлкен ерекшелігі – жеңімпаздардың Солтүстік полюске атом мұзжарғышымен экспедицияға аттануы.
Оған кімдер қатыса алады?
2026 жылғы халықаралық кезеңге 14-16 жастағы мектеп оқушылары 22 елден қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан да болды. Қатысушы 2026 жылғы 20 маусымға дейін 14 жасқа толған, ал 2026 жылғы 1 тамызға дейін 17 жасқа толмаған болуы керек еді.
Қалай қатысады?
Халықаралық іріктеу үш кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең – ғылыми викторина. Қатысушылар табиғи ғылымдар, атом энергетикасы, заманауи технологиялар және Арктика тақырыптары бойынша 30 сұраққа жауап береді.
Екінші кезең – сарапшылар вебинарлары. Бірінші кезең тапсырмасын орындағандар мамандардың дәрістерін тыңдап, берілген тапсырмаларды орындайды.
Үшінші кезең – шығармашылық бейнежұмыс. Әр елдегі алғашқы екі кезеңнің нәтижесі бойынша үздік 10 қатысушы финалға өтеді. Олар берілген тақырып бойынша шығармашылық бейнеролик дайындайды. Соңында әр елден бір жеңімпаз анықталады.
2026 жылғы халықаралық кезең 5 мамырдан 15 маусымға дейін өтті, ал өтінім қабылдау 3 маусымда аяқталды. Сондықтан келесі маусымға қатысқысы келетін оқушылар жобаның ресми платформасындағы жаңа іріктеу туралы хабарландыруларды бақылағаны жөн.
