Интернетсіз Тянь-Шань: Қырғызстан тауларындағы саяхат TikTok-та трендке айналды

Қырғызстан соңғы жылдары табиғи туризмді ұнататын саяхатшылардың назарын аударып келеді. Ел аумағының басым бөлігін таулар алып жатыр, ал Тянь-Шань жоталары мұздықтарымен, биік шыңдарымен, мөлдір көлдерімен, жасыл жайлауларымен және дәстүрлі көшпелі мәдениетімен ерекшеленеді. Мұнда бір күннің ішінде күн ашық аспаннан қалың тұманға, ал аптап ыстықтан нөсер жаңбырға ауысуы мүмкін.
Қырғызстанның таулы аймақтарында өркениеттен алшақтау сезімі ерекше байқалады. Кей жерлерде ұялы байланыс пен интернет мүлде ұстамайды, ал туристер үшін бұл кемшілік емес, керісінше саяхаттың басты ерекшелігіне айналып барады. Британдық The Independent басылымы Қырғызстандағы Тянь-Шань тауларындағы осындай саяхат туралы жазды деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Тау ішінде байланыс жоғалған сәт
The Independent журналисі Джеймс Дрейвен Қырғызстанның Тянь-Шань тау жүйесіндегі Терскей Ала-Тоо жотасында жеті күндік жаяу саяхатқа шыққан.
Оның сапарының алғашқы күндері ашық әрі жылы ауа райымен басталады. Саяхатшылар таулы көлдердің жағасында суретке түсіп, айналадағы табиғатты тамашалаған. Көкжиекте қар басқан шыңдар көрініп, алыстан киіз үйлер мен жылқылар көзге түскен.
Алайда таудағы жағдай бірнеше минуттың ішінде өзгеріп кеткен. Тұман түсіп, айналаны қалың бұлт басқан. Жол бойындағы соқпақтар көрінбей, топқа бағыт-бағдар алу қиындай түскен.
Саяхат басталар алдында олардың жергілікті гиді Вадим ауа райына тым сенуге болмайтынын ескерткен. Оның айтуынша, тауда онлайн болжамды тексеру мүмкін болмағандықтан, жаңбыр жауатынын туристер оның алғашқы тамшысынан-ақ түсінеді.

80 шақырымнан астам жол және байланыссыз күндер
Дрейвен бастаған топ жеті күн ішінде Тянь-Шань тауларында 80 шақырымнан астам жол жүрген. Кей күндері олар жоспарланған бағыттан кемінде бес шақырым артық жүрген.
Маршрут бойында туристер лайлы жерлерден өтіп, тау өзендерін кесіп, құлаған ағаштардың арасымен қозғалған. Кейбір учаскелерде тік беткейлермен төмен түсуге тура келген.
Бірақ саяхаттың ең ерекше тұсы — табиғаттың қаталдығы ғана емес, әлеммен байланыстан толықтай ажырау болған.
Ұялы байланыс жоғалған соң саяхатшылар күнделікті әлеуметтік желілерді тексеруді, хабарламаларға жауап беруді және ауа райын онлайн бақылауды тоқтатуға мәжбүр болған. Ал айналада Google Maps-те белгіленбеген немесе атауы әртүрлі көрсетілетін аңғарлар мен көлдер кездескен.
Тіпті гидтің айтуынша, Қырғызстандағы таулардың басым бөлігінің ресми атауы жоқ. Ел аумағының шамамен 90 пайызы таулы болғандықтан, барлық шың мен жотаны атау мүмкін емес.
Көшпелі өмір мен заманауи әлем тоғысқан мекен
Саяхат барысында топ тауда маусымдық мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділерге кездескен.
Бір аялдама кезінде саяхатшылар таудағы шағын қонысқа тоқтап, жергілікті тұрғын Талаймен танысады. Ол туристерге қымыз ұсынған. Айналада киіз үй, мал қоршауы мен бірнеше жылқы болған.
Бір қарағанда, бұл көрініс заманауи өркениеттен алыс өмірді елестетеді. Алайда Талайдың өзі Бішкекте қыстап, жазда тауға бірнеше күнге ғана шығатынын айтады. Оның үстіне, ол футболға қызығып, шетелдік клубтардың ойындарын бақылап отырады.
Осы сәт саяхатшыға Қырғызстанның қаншалықты ерекше кеңістік екенін көрсетед. Бір жағында ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі дәстүр, екінші жағында заманауи қала өмірі мен жаһандық мәдениет қатар өмір сүріп жатыр.

TikTok Қырғызстанды жаңа туристік бағытқа айналдырып жатыр
The Independent материалында Қырғызстанға деген қызығушылықтың артуына TikTok пен Instagram сияқты әлеуметтік желілердің ықпалы да атап өтіледі.
Бұған дейін елге саяхатшылардың бір бөлігі атпен серуендеу, киіз үйде түнеу және көшпенділер мәдениетімен танысу үшін келсе, бүгінде Тянь-Шаньдағы треккингте туристер арасында танымал бағытқа айналып келеді.
Әлеуметтік желілерде таулы көлдердің көрінісі, қар басқан шыңдар, жайлаудағы киіз үйлер мен ат үстіндегі саяхатшылардың кадрлары жиі таралады. Бір қызығы, туристерді Қырғызстанның цифрлық әлемнен уақытша ажырататын табиғатының өзі әлеуметтік желілерде қайта танымал болып отыр.
Яғни саяхатшылар интернеттен қашу үшін тауға барып, кейін сол жерде көргендерін интернетке жариялайды.
Соңында өркениетті мемлекетке қайта оралды
Сапардың соңғы күнінде Дрейвен мен оның серіктері таудағы тағы бір биік нүктеге көтерілген. Бірнеше сағат бұрын ғана оларды айналада тек таулар мен мал қоршап тұрған. Ал жотаға шыққанда төменде Қаракөл қаласы көрінген.
Саяхатшы үшін бұл заманауи әлемнің кенеттен қайта пайда болған сәті еді. Бір апта бойы телефон байланысынсыз жүрген топ мүшелерінің смартфондары бірінен соң бірі хабарлама бере бастаған. Олар тау үстінде тоқтап, бірнеше күн бойы жинаған суреттерін әлеуметтік желілерге жариялай бастайды.
Осылайша Тянь-Шаньдағы байланыссыз саяхаттың парадоксы анық көрінді: саяхатшылар бір апта бойы әлеуметтік желілерден алыстады, бірақ дәл сол сапар олардың интернеттегі жаңа контентіне айналды.
Қырғызстанның таулары туристерге тек әдемі табиғатты ғана емес, күнделікті цифрлық өмірден уақытша бас тартуға мүмкіндік береді. Ал Тянь-Шаньның адам аз баратын аңғарлары, биік асулары мен мөлдір көлдері елдің табиғи туризмдегі әлеуетін одан әрі арттыра түсуі мүмкін



