Түркияның Чорум провинциясы Бозкале ауданындағы ежелгі Хаттуса қаласында археологиялық қазба жұмыстары 120 жылдан бері жалғасып келеді.
Қазір мұнда бес елден келген 55 ғалым мен студент түрлі ғылыми бағыт бойынша зерттеу жүргізіп, шамамен 8 мың жылдық тарихы бар көне мекеннің құпияларын ашуға тырысуда.
Хатти және хетт өркениеттерінің мәдени мұрасын сақтаған Хаттусада б.з.д. VI мыңжылдыққа жататын қоныстардың іздері де кездеседі. Ежелгі қала ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра және «Әлем жады» тізімдеріне енгізілген.
Хаттуса Чорум қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. Қоныстың аумағы шамамен 2 шаршы шақырымды құрайды. Қаланы жалпы ұзындығы 7 шақырым болатын қорғаныс жүйесі қоршап жатыр. Мұнда жүйелі ғылыми қазба жұмыстары 1906 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Зерттеулер Германия археологиялық институты тарапынан Мәдениет және туризм министрлігінің «Болашақ үшін мұра» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ғалымдар бұл жерден халколит, хетттерге дейінгі кезең, хетт, темір дәуірі, галат, византиялық және римдік кезеңдерге жататын тарихи ескерткіштерді анықтауда.
2006 жылдан бері қазба жұмыстарына профессор Андреас Шахнер жетекшілік етеді. Қазіргі халықаралық ғылыми топтың құрамында Түркия, Германия, Италия, Венгрия және АҚШ-тан келген археология, геология, геоморфология, сәулет, филология және археозоология салаларының мамандары бар.
Хаттудағы ғылыми қазба жұмыстары 1906 жылы Осман империялық музейінің қамқорлығымен басталған. 1931 жылға дейін зерттеулер небәрі төрт жыл жүргізілгенімен, кейіннен Германия археологиялық институты бұл жұмыстарды жалғастырды.
Андреас Шахнердің айтуынша, әр маусымда Хаттусада түрлі елдер мен ғылыми салалардан келген мамандар мен студенттер жұмыс істейді. Жоба жас зерттеушілерді даярлайтын ғылыми алаң ретінде де қызмет етеді. Археологтар, антропологтар, геологтар, геоморфологтар, сәулетшілер мен филологтардан бөлек, зерттеуге жануарлардың сүйек қалдықтарын зерттейтін мамандар да қатысады. Сонымен қатар химиялық, физикалық және басқа да ғылыми талдау әдістері маңызды рөл атқарады.
«Бұл – үлкен пазл. Біз мұнда оның бөліктерін жинаймыз. Осы жерден бастапқы деректерді аламыз, содан кейін көптеген адам бірігіп, оларды түсіндірумен айналысады», – деді Шахнер.
Ол Хаттусаның маңызы ең алдымен оның 400 жылдан астам уақыт бойы Хетт патшалығының астанасы болғанымен байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл жердегі қоныстану тарихы ерекше ұзақ кезеңді қамтиды.
«Б.з.д. шамамен 5500 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді салыстыра отырып, отырықшы өмір салты мен алғашқы егіншілік пайда болған өңірдің даму үдерісін бақылауға болады», – деді ғалым.
Зерттеулердің негізгі назары хетттер кезеңіне аударылғанымен, Хаттуса – бірнеше тарихи қабатты қамтитын археологиялық ескерткіш. Мұнда хетттерге дейінгі дәуірдің, хетттердің, темір дәуірінің, галаттардың, сондай-ақ византиялық, римдік және халколит кезеңдерінің іздері сақталған.
Шахнердің айтуынша, зерттеушілер аймақтың жалпы тарихын қалпына келтіруге тырысады. Ол үшін адамдар өмір сүрген экожүйелер, олардың өндірген материалдары мен құралдары, сондай-ақ әртүрлі тарихи кезеңдердегі өмір салтының ерекшеліктері салыстырылады.
Биыл Хаттусаның бес бөлек аумағында ғылыми қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Біз тарихи үдерісті жақсырақ түсініп, ол туралы білімімізді толықтыру үшін қолда бар мозаикаға жаңа элементтер қосуға тырысамыз», – деді Шахнер.
Дереккөз: mk-turkey.ru
