Сеулде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хун кездесті. Тараптар ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы Қазақстан–Корея ынтымақтастығын талқылады деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Келіссөздерде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, озық технологиялар трансфері, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және екі елдің білім беру мен ғылыми ұйымдары арасындағы байланысты нығайту мәселелері қаралды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Корей ғылым және озық технологиялар институты (KAIST) филиалын Қазақстанда ашу болды. Тараптар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және басқа да басым бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтетін бастаманы жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылады.
«Қазақстан Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі. Біз үшін жасанды интеллект, технологиялар трансфері және кадрлар даярлау салаларындағы бірлескен жобалардың маңызы зор. Корея мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделіміз», – деді Саясат Нұрбек.
Кездесу қорытындысында тараптар ғылыми-технологиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
