Астанада аты аңызға айналған қазақстандық музыкант Батырхан Шүкеновтің шығармашылығы мен «А-Студио» тобының мұрасына арналған музыкалық кеш өтеді. Концерт Expo Music Fest аясында EXPO аумағындағы жазғы сахнада ұйымдастырылады деп хабарлайды SteppeNews.kz Liter.kz сайтына сілтеме жасап.
Музыкалық кеш 15 тамыз күні сағат 19:30-да басталады. Кеш барысында Қазақстанның музыкалық тарихында өзіндік орны бар, бірнеше буын тыңдарманына таныс композициялар орындалады.
Концертке DJ Angel, Ильяс Төлеген, Марал Ками, Аслан Атығаев, Сырым Дюсембеков, Aslanbi, Кристина Жұрабекова және Аружан Ашимова қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің хедлайнері – «The Jigits» тобы.
Кеште заманауи орындаушылар Батырхан Шүкенов пен «А-Студио» шығармашылығымен байланысты танымал әндерді өзіндік мәнерде орындайды. Ұйымдастырушылар көрермендерге жанды музыка мен ностальгияға толы атмосфера сыйлауды жоспарлап отыр.
Концерт EXPO іскерлік кешені аумағында ашық аспан астында өтеді. Кіру тегін, кешке барлық ниет білдірушілер қатыса алады.
