Қырғызстанда «Манас» эпосының ең танымал эпизодтарының бірі – «Көкөтөйдүн ашы» («Көкөтөйдің асы») туралы жаңа кітап жарық көрді. «Манас жана Хатто: Көкөтөйдүн ашы» атты басылым британдық ғалым Артур Томас Хаттоның осы эпизодқа жүргізген зерттеуіне арналған. Бұл туралы SteppeNews.kz 24KG сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кітаптың жарық көргенін Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев хабарлады. Басылым манастану саласына арналған көптомдық серияның бір бөлігі. Жобаның ұйымдастырушысы, құрастырушысы әрі демеушісі – қоғам және мемлекет қайраткері Карганбек Самаков. Кітаптың жауапты редакторы – тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сулайман Кайыпов.
Зерттеудің негізіне британдық эпос зерттеушісі, фольклортанушы және манастанушы Артур Томас Хаттоның (1910–2010) еңбегі алынған.
1856 жылы қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835–1865) Ыстықкөл өңіріндегі қырғыз манасшының айтуынан «Көкөтөйдүн ашы» эпизодын хатқа түсірген. Мәтінді жазуға оған хатшысы көмектескен. Қолжазба араб графикасымен жазылған.
1964 жылы қазақтың академигі Әлкей Марғұлан бұл қолжазбаны Ресей архивінен тауып, ғылыми айналымға енгізді.
1977 жылы Артур Хатто қолжазбаның фотокөшіресіне сүйене отырып, қырғызша мәтінді латын графикасына транскрипциялап, ағылшын тіліне аударды және ғылыми түсіндірмелерін жариялады.
Жаңа кітапта Хаттоның «Көкөтөйдүн ашы» эпизодына жасаған аудармасы мен ғылыми түсіндірмелері алғаш рет қырғыз тілінде ұсынылды. Аударма мен ғылыми талдауды Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің аймақтану және қырғызтану кафедрасының профессоры Тынчтыкбек Чоротегин орындаған.
Басылым манастану, фольклортану және қырғызтану саласының мамандарына, сондай-ақ «Манас» эпосының зерттелу тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.
