Астанада Спорт күні қарсаңында «Қазақстандағы спорт – реформалардан нәтижеге дейін. Дене шынықтыру және спорт туралы жаңа заңды іске асыру қорытындылары» атты конференция өтіп жатыр. Пленарлық сессияларда спорт саласындағы реформалардың алғашқы нәтижелері талқыланды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі әзірлеген жаңа заң саланы жаңғыртудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Реформа аясында спортты қаржыландырудың ашық моделі енгізіліп, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және спорт резервін қолдау шаралары күшейтілді.
Реформалардың алғашқы нәтижелері бойынша:
- 8 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұған кәсіби клубтарды қаржыландыруға лимит енгізу және легионерлерді бюджет есебінен қаржыландырудан бас тарту әсер етті;
- балалар спортына бөлінетін қаржы екі есеге жуық артты. Спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге жылдық қаржыландыру 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті;
- жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға артты. Спорт мектептеріндегі жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. Қазіргі уақытта 3 511 жаттықтырушы-оқытушы тиісті тестілеуге қатысты.
«Бүгінде реформалардың жай ғана құжат емес екенін іс жүзінде көріп отырмыз. Министрліктің атқарған жұмысы – спорт саласына ұзақ уақыт бойы қажет болған өзгерістер. Бұл өзгерістер қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Оның нақты көрінісі – спортшыларымыздың жеңістері», – деді «Спортшылар кеңесі» атқару комитетінің төрағасы, күрестен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.
Конференция барысында спорт ұйымдарын басқару жүйесіндегі өзгерістер де айтылды. 2025 жылғы қыркүйектен бастап басшыларды ротациялаудың бірыңғай тәртібі енгізілді. Ал спорт ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінде 112 тағайындаудың 86-сы, яғни 76%-ы конкурс нәтижесінде жүргізілген.
Осылайша, спорт саласындағы реформалар бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, балалар спорты мен спортшыларды қолдауды күшейтуге, сондай-ақ саладағы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
