Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет ішінде адам отырған EH216-S жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе аппаратының демонстрациялық ұшуы өтті. Сынақ «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
EH216-S – тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) әуе аппараты. Ол екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Аппараттың ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетсе, бір рет қуатталғанда 35 шақырымға дейін ұша алады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, болашақта бұл технология Қазақстанның көрікті жерлері үстінен туристік әуе серуендерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай бағыттардың ұзақтығы 5–30 минут аралығында болуы мүмкін.
Сонымен қатар ұшқышсыз аппаратты жедел медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмек жеткізу, өрт сөндіру және логистикалық операцияларда пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанда осындай ұшқышсыз авиациялық жүйелердің өндірісін жергіліктендіру жоспарда бар.

Жаңа технологияларды енгізу үшін Көлік министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруда. Қазіргі уақытта eVTOL санатындағы әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың жұмысы және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесін реттейтін заңнамалық өзгерістер қабылданған.
