Бішкек дәрігерлері бауырының басым бөлігін алып жатқан, салмағы екі келі болатын алып ісігі бар бір жасар сәбиге күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Операцияны белгілі қырғыз хирургі, профессор Бахадыр Бебезов бастаған мамандар тобы жүргізді. Бұл туралы SteppeNews.kz «Вечерний Бишкек» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлердің айтуынша, небәрі сегіз келі тартатын баланың ісігінің өзі екі келі болған. Алып ісік бауырдың басым бөлігін, өт қабын және іш қуысының басқа мүшелерін қысып, өте жылдам үлкейіп жатқан.

Профессор Бахадыр Бебезовтің айтуынша, мұндай ісіктер өте сирек кездеседі.
«Мұндай түзілістер эмбрионалдық тіннен пайда болуы мүмкін. Олар әлемнің ірі онкологиялық орталықтарында да екі-үш жылда бір-екі рет қана тіркеледі. Бұл генетикалық өзгеріс немесе жатырішілік даму ақауымен байланысты болуы ықтимал», – деді хирург «Вечерний Бишкек» басылымына берген сұхбатында.
Ал баланы емдеген Ұлттық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының балалар онкологы Элмир Мырзагелдиевтің айтуынша, бастапқы зерттеулерде ісіктің нақты қай мүшеден шыққаны анықталмаған.
Дәрігерлер бірнеше рет биопсия жасап, қатерлі ісік жасушаларын анықтай алмаған. Соған қарамастан ісік күн сайын ұлғайып, баланың жағдайы нашарлай бастағандықтан, мамандар хирургиялық араласудан басқа амал қалмағанын айтқан.

Баланың әкесі Ерлан бастапқыда шетелге емделуге баруды ойлағандарын, кейін тәжірибелі хирург Бахадыр Бебезовке жүгінуге шешім қабылдағандарын жеткізген.
Ота алдында дәрігерлерді ең көп алаңдатқан мәселе – алып ісік алынғаннан кейін бауырдың қалған бөлігі баланың өміріне жеткілікті бола ма деген сұрақ болған.
Профессордың сөзінше, компьютерлік томография нәтижесінде сау бауырдың небәрі 20 пайызы ғана сақталғаны анықталған.
«Ересек адамға өмір сүру үшін бауырдың шамамен 25 пайызы жеткілікті болса, балаларға кемінде 20 пайызы қажет. Балалардың ағзасы тезірек қалпына келеді. Бірақ олар қан жоғалтуды өте ауыр көтереді», – деді Бебезов.
Операция кезінде қан кетуді азайту үшін хирургтер заманауи су ағынды скальпельді пайдаланған. Соның арқасында ота барысында сәби бір тамшы да қан жоғалтпаған.
Хирургтердің айтуынша, алып ісік толықтай алынып, бауырдың сол жақ бөлігіне қан айналымы қайта бағытталған. Бұл оның алдағы уақытта ұлғайып, ағзаның қызметін толық атқаруына мүмкіндік береді.

Дегенмен дәрігерлер ісіктің нақты табиғатын анықтау үшін алынған тіндерді иммуногистохимиялық зерттеуге жіберген. Егер ісік толықтай қатерсіз болып шықса, балаға тек дәрігерлердің бақылауы қажет болады. Ал қатерлі жасушалар анықталса, қосымша химиотерапия жүргізіледі.
Профессор Бахадыр Бебезов мұндай операциялардың әрдайым үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Қалай көмектеспеуге болады? Әрине, әр науқасты аман алып қалғың келеді. Отадан кейін бәріміз үлкен қобалжуда болдық. Келесі күні сәби есін жиып, жағдайы тұрақтанғанда ғана көңіліміз жайланды», – деді ол.
