Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ 2024 жылдан бері ұлттық табиғи парктерді, орман резерваттарын, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелерін арнайы техникамен қамтамасыз етуге 33,1 млрд теңге бөлді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Қаржы кәдеге жарату төлемдері есебінен бағытталды. Осы уақыт ішінде орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды жедел сөндіруге арналған 1 006 бірлік заманауи техника сатып алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, әртүрлі үлгідегі тракторлар және орман қорын қорғауға арналған өзге де арнайы техникалар бар.
Жобаның басты мақсаты – табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық деңгейін арттыру, өрт ошақтарына жедел әрекет ету және табиғи өрттерді сөндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
Ең көп қаржы мына өңірлерге бөлінді:
- Шығыс Қазақстан облысы – 5,05 млрд теңге (148 техника);
- Ақмола облысы – 4,94 млрд теңге (160 техника);
- Павлодар облысы – 4,44 млрд теңге (136 техника);
- Қостанай облысы – 4,10 млрд теңге (112 техника);
- Абай облысы – 3,34 млрд теңге (82 техника);
- Солтүстік Қазақстан облысы – 3,31 млрд теңге (107 техника).
Қазіргі таңда жеткізілген арнайы техникалар еліміздің барлық өңіріндегі табиғат қорғау ұйымдарының жұмысына пайдаланылып жатыр. Олар өрт сөндіру жасақтарын оқиға орнына жедел жеткізуге, орман аумақтарын патрульдеуге және табиғи өрттердің алдын алу мен оларды жою жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
«Жасыл даму» АҚ алдағы уақытта да кәдеге жарату төлемдері есебінен орман экожүйелерін сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және елдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.
