Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген «Алакөл толқыны – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шара еліміздегі оқиғалы туризмді дамытуға бағытталған маңызды туристік жобалардың бірі саналады деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Фестивальдің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев пен Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Қолбаев қатысты. Мирас Төлебаев өз сөзінде Алакөлдің бүгінде Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың біріне айналғанын атап өтті.

«Алакөл – еліміздің негізгі туристік бағыттарының бірі. Осындай фестивальдер өңірдің туристік әлеуетін танытып, жаңа қонақтарды тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге және өңір экономикасының нығаюына ықпал етеді», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, оқиғалы туризм өңірлердің танымалдылығын арттырып, туристер ағынын көбейтумен қатар, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да оң әсер етеді.
Фестивальге 5 мыңнан астам адам қатысты. Шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген демалушылармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Беларусь және Ресейден келген туристер де жиналды.

Қонақтарға интерактивті алаңдар, театрландырылған қойылымдар мен ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Бас сахнада Әсел Мекебаева, Turar және Ayree өнер көрсетсе, мерекелік кеш DJ-party және отшашумен қорытындыланды.
Айта кетейік, «Алакөл толқыны» фестивалі жазғы туристік маусымның маңызды оқиғаларының бірі ретінде Алакөлдің туристік тартымдылығын арттыруға және Қазақстандағы оқиғалы туризмді дамытуға үлес қосып келеді.
