Астанада Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеуге арналған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы өз жұмысын бастады. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында 208 оқушы еліміздің танымал қолөнер шеберлерінен тегін білім алады. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді сақтау, оны жас ұрпаққа насихаттау және креативті индустриялардың дамуына серпін беру.

Іріктеу кезеңіне Қазақстанның барлық өңірінен қызығушылық жоғары болды. Тәлімгер болуға 331 шебер өтінім берсе, республикалық байқау нәтижесінде олардың ішінен үздік 10 маман таңдалды. Ал оқу бағдарламасына қатысу үшін түскен 450-ден астам өтінімнің 208-і мақұлданды.
27 шілде мен 12 тамыз аралығында қатысушылар зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, ағаш және тері өңдеу сияқты ұлттық қолөнердің он бағыты бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысады. Оқу барысында барлық қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар ұйымдастырушылар тарапынан тегін ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беруге және ұлттық қолөнерді креативті индустриямен ұштастыруға мүмкіндік береді.
